Аймақта тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биылдың өзінде мыңдаған шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға арналған пәтермен қамту да жалғасуда. Оған қоса, бірқатар денсаулық сақтау, білім және спорт нысандарының құрылысы аяқталуға жақын.
Биыл өңірде жалпы аумағы 380 мың тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл – былтырғы көрсеткіштің 94,7 пайызына тең. Оның ішінде 67 пайызы – көпқабатты үйлер болса, қалғаны жеке тұрғын үй. Жылдың алғашқы жартысында 146 мың шаршы метр баспана ел игілігіне берілді. Екінші жартыжылдықта тағы 234 мың шаршы метр үй тапсырылмақ. Бүгінде облыс бойынша жалпы аумағы 863 мыңды құрайтын тұрғын үй құрылысы қарқын алған. Құрылыс көлемінің 153 мыңы - мемлекет, ал 710 мыңға жуығы жеке инвестициялар есебінен жүргізіліп жатыр. Бұл мемлекет пен жеке сектордың тиімді әріптестігінің жарқын мысалы. Сонымен қатар, 2022 жылдан бері 11 кредиттік үйдің құрылысы қолға алынған. Жалпы саны 966 пәтер. Оның тоғызы биыл қолданысқа берілмек. Бұл – жүздеген отбасының шаттыққа толы шаңырақ иесі атануына жол ашады.
Ерназ Мұқатаев, ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
Әлеуметтік осал топ санатындағы азаматтарға қолдау көрсету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. 2025 жылы 539 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Бұл – 229 көпбалалы отбасы мен 310 әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жұмыс жоспарға сай жалғасуда.
Құрылыс тек баспанамен шектелмейді. Аймақта денсаулық сақтау, білім және спорт салаларына арналған нысандар да бой көтеріп келеді. Бұл – тек қабырға емес, адам өміріне қажеттінің бәрін қамтитын жаңа тыныс. Жыл басынан бері жеті маңызды әлеуметтік ғимарат қолданысқа берілді. Оның ішінде Алтай ауданындағы 200 орындық мектеп, Глубокое ауданындағы үш амбулатория, Ұлан ауданындағы жаңа емхана және Согра шағын ықшам ауданындағы тау шаңғысы базасы бар. Бүгінде 21 жоба іске асырылып жатыр. Олар – жаңа мектептер, ауруханалар, спорт кешендері мен мәдениет үйлері және инженерлік желілер. Аталған ғимараттар – болашақтың тірегі, ел игілігіне қызмет ететін әлеуметтік өзек.
Ерназ Мұқатаев, ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
Жыл соңына дейін 12 маңызды нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Олардың қатарында Волчанка, Тұрғысын, Қаратал ауылдары мен Ахмер кентіндегі амбулаториялар, Жарсудағы дене шынықтыруға арналған корпус, сондай-ақ төрт бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешені пен Айнабұлақтағы шағын спорттық ғимарат бар. Біз үшін сапа мен тиімділік – басты назарда.
Ал облыс орталығында салынып жатқан гематология орталығы – еліміздің медицина саласының жаңа белесі. Мұнда озық жабдықтар орнатылып, ғылым мен емделу бір арнада тоғысады. Өңірдегі әрбір жаңа нысан – елдің ертеңіне жасалған инвестиция.
ТАЛАНТ ТҰРСЫНОВ