Абай облысында ұлы ақын, философ және ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай дүбірлі той өтті. Салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Абай облысының әкімі Берік Уәли, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары қатысты. Бұдан бөлек, зиялы қауым өкілдері, құрметті қонақтар мен жергілікті тұрғындар да жиналды. Қатысушылар ұлы ойшылдың қазақ әдебиеті, мәдениеті мен қоғамдық ойдың дамуына қосқан үлесін атап өтіп, оның рухына тағзым етті.
Ақын тойы Қарауылда орталық алаңдағы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Бұл рәсім бір мезетте еліміздің барлық жерінде бірдей өтті. Қарауылдағы шараға зиялы қауым өкілдері, тойдың құрметті қонақтары мен тұрғындар қатысты. Ақын ескерткішіне арнайы тағзым ету үшін Голландиядан кемеңгер жазушы, Мұхтар Әуезовтың немересі, Зифа-Алуа Әуезова да арнайы келген.
Зифа-Алуа Әуезова, Мұхтар Әуезовтің немересі:
Абай елі әлемде тұрған әр қазақ үшін рухани, ең маңызды рухани орталығы. Жүректеріміз әрқашанда осында. Абайдың 180 жылдығы ең маңызды әдебиет, мәдениет жағынан өте маңызды.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдары Абай мұрасын Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде де кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Ұлы ойшылдың 180 жылдық мерейтойы – бүкіл ел үшін аса маңызды рухани оқиға. Ауқымды мерекелік іс-шаралар халықтың ағартушылыққа, ізгі құндылыққа және ұлттық бірегейлікке ұмтылысын бейнелейді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР парламенті сенатының төрағасы:
Құрметті Абай елі, қадірлі қауым биыл қазақтың бас ақыны, ұлт руханиятының шамшырағы, ұлы ойшыл Абай Қнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Біз бүгін осы мерейтойға орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға жиналып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Абай тойына қатысып, президентіміздің сәлемін жеткізу үшін орталарыңызға арнайы келдік.
Сонымен қатар, Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Абай облысында Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ұлы дала алтыны» атты көшпелі көрмесі ашылды. Экспозиция Шығыс Қазақстан аумағынан табылған бірегей археологиялық жәдігерлерді қамтиды. Келушілер өңірдің бай тарихи және мәдени мұрасын айғақтайтын сирек артефактілерді тамашалай алады. Бұл жәдігерлердің әрқайсысы – нағыз археологиялық сенсация. Бірегей олжалар Шілікті, Айнабұлақ, Елеке сазы, Берел, Қарақаба сияқты көне қорымдарда, сондай-ақ Ақбауыр мен Аблайкит тарихи ескерткіштерінде жүргізілген ауқымды қазба жұмыстары кезінде табылған.
Шұғыла Меделбек, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:
Қазіргі таңда біз Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған іс-шараға келіп, осылай Шығыс Қазақстан облыстық тарихи өлкетану музейіндегі «Ұлы дала алтыны» деп аталатын көшпелі көрмемізді ұсынып отырмыз. Жалпы халыққа өте қатты ұнап жатыр. Таңертеңнен кешке дейін адамның жаңағы саны азайған жоқ, көбеймесе. Енді қазіргі таңда бізде осы залда бізде Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай, Марқакөл, Катонқарағай және де басқа да аймақтардан табылған археологиялық жәдігерлер қойылып отыр.
Бұл экспозиция бұған дейін Ұлыбритания мен Мәскеуде көрсетіліп, әлемге танылған. Енді биылғы жазда Абай облысының тұрғындары Ұлы даланың қазыналарын өз көзімен тамашалау мүмкіндігіне ие болды.
Қарауылтөбеде «Жеті қазына» республикалық ұлттық байқауы дүйім жұрттың назарын аударды. Жорға, топ және аламан бәйгеден өткен жарыстардың бәсі жоғары болды. Ұлттық спортқа тігілген жүлденің қоры да қомақты. 90 жылқы, 10 темір тұлпар өз иесін тапты. Әлбетте, бірінің бағы шапты, бірінің бабы келісті. Жорға жарысында қырғызстандық шабандоз топ жарып, автокөлік жеңіп алды. Бұдан бөлек, байқау аясында тоғызқұмалақтан ұлттық мұраның жан-жақтылығы мен байлығын дәріптейтін зияткерлік жарыстар өтті.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
Тоғызқұмалақ Абайдың сүйікті ойыны. Ешқашан автокөлік тігілмеген бәйгеге. Оны Шымкенттік тоғызқұмалақшы жеңіп алды. Жорға жарысына алыстан Қырғызстаннан бас байге алды. Абайдың тойы Қырғызға дейін кетіп жатыр. Қырғыз бауырларымыздың бас бәйгені алғанына шын қуанып тұрмыз. Той құтты болсын. Той жыл аяғына дейін жалғасады.
Мерейтой аясында халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі жүзден астам іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында айтыс, ұлттық өнер фестивальдері және басқа да мәдени басқосулар бар. Сондай-ақ ақын мұрасына арналған алғашқы энциклопедиялық портал – «ABAY ACADEMIYASY» іске қосылды. Ұлы ойшылдың мерейтойы Абай облысында ұлттық деңгейдегі мәдени шараға айналды. Мұнда 15 елден келген делегация, зиялы қауым өкілдері, жастар мен қоғам қайраткерлерін қоса алғанда, 30 мыңнан астам адам жиналды.
Талант Тұрсынов