Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаментінің жас офицерлерімен кездесті. Жиынға Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара академиясын және Ресейдің жоғары әскери оқу орындарын тәмамдаған 33 жас офицер қатысты.

Кездесу барысында өңір басшысы шекарашы мамандығының мәртебелі әрі жауапты қызмет екенін атап өтті. Жас офицерлерге мемлекеттік шекараның мызғымас күзетіне лайықты үлес қосатынына сенім білдірді. Шығыста қызмет жолын бастайтындарға өзінің жылы лебізін жеткізіп, сәттілік тіледі.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қазақтың даңқты қолбасшысы, халық қаһарманы Б. Момышұлының сөзін жақсы білесіздер, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Бұл сөз әрбір әскери адам үшін үлкен ұстанымға айналуы тиіс. Офицер - жай ғана атақ емес, ол ел намысын, жеріміздің тұтастығын, халықтың тыныштығын сақтайтын, қорғайтын тұлға. Сіздерге артылып отырған сенім бұл мемлекеттік шекараны күзету.

Облыс әкімі атап өткендей, шекарашылар әрдайым Қарулы күштердің элитасы болып саналған және солай болып қала береді. Олардың иығына ерекше жауапкершілік – мемлекеттік шекараны қорғау және елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Ресейдегі жоғары әскери оқу орнының түлегі, лейтенант Антон Шаповалов бірер күннен кейін өз қызметіне кірісетіндігін, шекараны күзетуге, елімізді дамытуға өз үлесін қосуға әзір екенін айтты.

Антон Шаповалов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі ШҚО бойынша Департаментінің әскери қызметшісі:

ЖОО бітірген соң, мемлекеттік шекара бөлімдерінде қызмет ету үшін еліме оралдым. Алғашқы қызмет орнымның Шығыс Қазақстандай қазыналы да бай өңірде болуы мені ерекше қуантады. Маған артылған сенімді ақтап, жүктелген міндеттерді абыроймен және намыспен орындауға дайынмын.

Кездесу соңында облыс әкімінің жас лейтенаттарға арнаған үндеу парағы табысталды. Өңір басшысының қолынан алғыс хат алғандардың бірі ҚР ҰҚК Шекара академиясының түлегі, лейтенант Бекжан Батырбай. Ол алдағы 10 жыл көлемінде шығыстың шекара шебінде талмай қызмет етуге ант берді.

Бекжан Батырбай, ҚР ҰҚК Шекара қызметі ШҚО бойынша департаментінің әскери қызметшісі:

Қазіргі таңда ШҚО 33 офицер келіп, қызметімізді дәл осы жерден бастағалы тұрмыз. Облыс әкіміне зор алғыс білдіреміз, қолдау білдіргені үшін. Қызметімізді адал атқаруға тілектеспін!

Шығыс Қазақстан – бірден екі мемлекетпен: Ресей Федерациясымен және Қытай Халық Республикасымен шектесетін шекаралық аймақ. Сондықтан өңірдегі шекарашылар қызметі бүкіл ел үшін ерекше стратегиялық маңызға ие.


Қымбат Иманғалиева