Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері Арбат алаңында «Жүз кітап – жүз қазына» атты пікір алмасу кешін өткізді. Шара «100 кітап» ұлттық сауалнамасының қорытындысына және ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырылды. Әдеби кеште аймақтың белгілі ақын-жазушылары «Ашық микрофон» форматында жыр арнады.

«Ашық микрофон» аясында өскемендіктер поэзия мен әдебиет жайлы көкейдегі сұрақтарын қойып, жоба туралы пікірлерімен бөлісті. Кеш барысында өңірдің жас дарындары да өнер көрсетті. Солардың бірі – мектептің бесінші сынып оқушысы Нұрали Алтыбай. Ол домбырада «Ер Тұран» күйін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оның өнері кештің көркін аша түсті.

Нұрали Алтыбай, мектеп оқушысы:

Біздің Абай атамыз қазақтың ұлы ақыны, дана жазушы, көптеген еңбектері бар. Текті әулеттен шыққан. Оның көптеген ұлттың рухын шыңдайтын 45 қара сөздері, көптеген ұлы еңбектері бар.

Ал, «XXI ғасыр жастарының кітапқа деген қызығушылығы неге аз?», деген сұраққа жазушы Бақытжан Раисова былай деп жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі заманда уақыт тығыз, адамдар үнемі асығыс, тіпті көршілер бір-біріне сирек барады. Бірақ, сонда да әдебиетке құмар жандар бар. Жазушы жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін жас ақын-жазушылардың шығармашылық кештерін жиі өткізу және әдеби орталықтар құру маңызды екенін атап өтті.

Бақытжан Раисова, жазушы:

Қазіргі кезде кітап оқу мүлдем жоғалып кетті дей алаймыз. Кітап керек деген адам тауып, іздеп жүріп оқиды. Қазіргі жас ақын-жазушыларымыз өте көп оқиды. Жас ақын-жазушылар мен аға ақын-жазушыларды жиі шақырып, жастармен, оқушылармен көп жиі кездесулер өткізу керек. Ол әсер етеді адамға.

Осындай форматтағы шаралар автор мен оқырман арасында тікелей байланыс орнатуға, жастарды кітап оқуға ынталандыруға, сондай-ақ, пікір алмасатын мәдени орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ