Өскеменде 2009–2010 жылы туған қыздар арасындағы волейболдан республикалық жазғы чемпионат аяқталды. Алтын жүлде үшін өткен финалда ШҚО мен СҚО құрамалары кездесті. Тартысты ойын қалай өтті? Тілші сюжетінен көрелік.
Елдің түкпір-түкпірінен келген 12 команда қатысқан бұл жарыста өңірдің намысын екі бірдей құрама қорғады. Қарсыластар қатарында Ақтөбе, Жетісу, Атырау, Қызылорда, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының командалары болды. Турнирдің шешуші ойыны көрерменді бір сәтке де бейжай қалдырмады. Финалда аймақтың спортшылары Петропавл қаласынан келген қарсыластарын 3:1 есебімен жеңіп, чемпион атанды.
Еркін Нұрмұқашов, ШҚО құрамасының бас бапкері:
Ойын тартысты болды. Петропавл қаласының командасы өте жақсы қарсылас болды. Бұл жарысқа 10 күн Самар ауданында сбор жасадық. Екі жұмадай Өскеменде өз залымызда дайындалдық. Қыздардың бір-біріне деген сенімінің арқасында, бас жаттықтырушының тактикасын дұрыс орындағаны үшін деп ойлаймын.
Маргарита Вагнер, турнирдің үздік ойыншысы (ШҚО):
Бірінші кезеңде біз жақсы ойнап шықтық. Нәтижесі де жаман емес. Екінші кезеңде біраз шаршағандықтан босаңсып қалдық, дегенмен уақытында жиналып жақсы көрсеткішке қол жеткіздік. Эмоцияға толы ойын болды. Барлығы керемет.
Шешуші ойынға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов арнайы келіп, спортшыларға қолдау көрсетті. Чемпионат қорытындысы бойынша үшінші орын – Астана құрамасына, күміс медаль – СҚО командасына бұйырды. Ал шығысқазақстандық қыздардың қанжығасы алтынмен толықты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге марапатты облыс әкімі өзі табыс етті.
Аймақта жастар спортына ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұндай турнирлер мен жарыстар жасөспірімдердің әлеуетін ашуға, командалық рухты, тәртіп пен табандылықты қалыптастыруға ықпал етеді.
Қымбат Иманғалиева