Өңірде интернет алаяқтық әлі де тиылмай тұр. Жыл басынан бері қылмыстың 700-ден астам жағдайы тіркелді. Ақпараттық технология жетістігін теріс мақсатқа пайдаланып, елдің қалтасына түсетіндер көбейді. Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта алдын алу жұмыстарын күшейткен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.

Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті мәселесіне айналды. Тәртіп сақшыларының сөзіне сүйенсек, қаскөйлердің арбауына түсіп, қаржысынан қағылғандар саны азаймай тұр. Бұрын олардың негізгі нысаны зейнеткерлер болса, бүгінде студенттер мен кәсіпкерлерді де сан соқтырады.

Рауан Дулатұлы, ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс – қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

Қазір кең таралған интернет алаяқтықтың түрі алаяқтар өздерін құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде өздерін таныстырып, біздің жәбірленушілердің ақшасын, қаражатын жымқыру. Келесі түріге тоқталатын болсақ алаяқтар зиянды сілтемелер арқылы сіздің мессенджеріңізді бұзғанда. Бұған мысал келтіретін болсақ сіздің танысыңыздың атынан ватсап желісі арқылы сізге хабарлама жазып, қандай да бір жағдайларды түсіндіре отырып сізден қандай да бір ақша суммасын алу мақсатында пайдаланады.

Алаяқтардың арбауына түскен жағдайда, уақыт оздырмай, дереу полицияға арыздану керек. Дер кезінде жазылған өтініш – ақшаны қайтарып алудың және заңды қорғаудың басты жолы. Тергеуші қаулысы негізінде несие төлемдерін тоқтату, дроппер арқылы ақшаны қайтару сынды шаралар дәл осы арыздан кейін ғана жүзеге асады.

Бекжан Малғаждаров, ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқарма бастығының орынбасары:

Біз алаяқтардан зардап шеккен жәбірленушілердің ақшасы аударылған адамдарды, яғни дропперлерді анықтап жатырмыз. Егер азамат өз ақшасын осындай адамға аударған болса, ол сотқа жүгініп, сол қаражатты қайтаруды талап ете алады. Қазірдің өзінде мұндай бірнеше жағдай тіркелді. Сот шешімімен дропперлердің заңсыз жолмен алған ақшасы толық қайтарылуға міндеттелген. Жәбірленуші полицияға арыз түсіргеннен кейін, тергеуші арнайы қаулы шығарады. Сол құжат арқылы банкке несие төлемін тоқтата тұру ұсынылады. Әзірге бұл мерзім – алты ай. Егер осы уақыт ішінде мәселе шешілмесе, бұл мерзім тағы алты айға ұзартылады. Ол үшін тұрғындар өз ісіне жауапты тергеушіге барып, банктен несие мерзімін тоқтата тұруға қажет құжатты алуы керек. Бұл – мемлекет тарапынан беріліп отырған қолдау тетігі.

Өңірде «Стоп-алаяқ» акциясы өтіп жатыр. Тәртіп сақшылары үйлерді аралап, жадынама таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, облыс әкімдігі, облыстық полиция департаменті және қала әкімдігі бірлесіп, интернет-алаяқтықтың алдын алуға арналған ақпараттық медиа-жоспар әзірледі. Мақсат - әрбір азаматты сақтыққа шақырып, цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.


Кәусар Идаятқызы