Жұмысшы мамандықтар жылы ел экономикасының негізгі қозғаушы күші саналатын қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуге арналған бастама. Темірден түйін түйген ұста, құрылысшы, механик, тігінші - барлығы қоғам дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Осындай еңбек адамдарының бірі - тігін өнерін серік еткен Дильноза Гумарова.

Дильноза Гумарова – 7 баланың анасы. Бала тәрбиесі мен тұрмыстың тіршілігін ұршықтай иіріп отырған алтын құрсақты ана бүгінде тігіншілікпен айналысады. Себебі, бұл саланы бала кезінен жақсы көреді. Қолөнерге деген махаббатты бойына әжесі дарытып, оның қыр-сырын үйреткен. Қызығушылығы қуыршақтарға көйлек тігуден басталған.

Дильноза Гумарова, тігінші:

Мен бала кезімнен тігінге қызыққам. Сол хоббиім қазіргі таңда менің жұмысыма айналып, осы салада жұмыс істеп жүргеніме 5 жыл болды. Осыдан төрт жыл бұрын көпбалалы аналарға арналған мемлекеттік грантқа қатысып, содан ұтып, соның арқасында үкіметтен алған қайтарымсыз ақшаның мен өзімнің тігін машиналарымды алып, өз ісімді бастап келе жатырмын.

Ерасыл Исинов, тігінші:

Осы салаға келгеніме 3-4 жыл болды. Бірақ, осы жерге келгеніме 3 айдай болып қалды. Дильноза ханыммен жұмыс істеу өте керемет. Ешқашан қате істеп қойсаң, қате істедің деп немесе ұрысу, бастық сияқты жоғарыдан қарау деген жоқ ол кісіде. Мысалы болмай қалған жерде түк етпейді, қайта өзгертіп жібереміз, былай істейміз деп айтып отырады. Өте жақсы кісі.

Дильноза Гумароваға соңғы уақытта әскери қызметшілер де жиі жүгінетін көрінеді.

Дильноза Гумарова, тігінші:

Қыз жасауы сондайлармен бастағанмын. Ал, қазір міне 3-4 айдай болды, саламызды басқа саламен өзгертіп, военный формалар, сондай нелерге бағыттап жатырмыз. Халықтың сұранысы негізінде ұлттық киімге де бар, военный формаға да ұсыныс өте көп.

Шебер қолынан шыққан әр бұйымнан – талғампаздық пен өнерге деген сүйіспеншілікті көруге болады. Тігіншінің ел игілігі үшін еткен еңбегі - келер ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.


Кәусар Идаятқызы