Өңірде өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Әлеуметтік, өндірістік және коммерциялық нысандар Төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауында. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы мамандары соңғы тексеру қорытындыларымен бөлісті. Қазіргі таңда облыс аумағында 17 мыңнан астам нысан бақылауға алынған.
Тәуекел дәрежесіне қарай нысандардың тексерілу жиілігі әртүрлі. Жоғары тәуекел дәрежесіне жататын нысандар жылына бір, ал орташа тәуекелді нысандар – екі жылда бір реттен артық тексерілмейді. ШҚО ТЖД мамандарының айтуынша, аймақта талапқа сай 354 нысанға тексеру жүргізіліп, 2179 заңбұзушылық фактісі анықталды. Басшыларға бұл кемшілікті жоюға қатысты нұсқамалар беріліп, нақты мерзімдер белгіленген. Егер кемшіліктер уақытылы жойылмаса немесе адам өміріне қауіп төндіретін деңгейде болса, нысан қызметін уақытша тоқтату туралы шаралар қабылдануы мүмкін.
Болат Тоқтарғалиев, ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:
Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау қызметі азаматтық қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңына және Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік кодексіне және Қазақстан Республикасының басқа да нормативті құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Тексеру басталардан отыз күн бұрын нысан иесіне тексеру тақырыбы мен мерзімдері көрсетілген ресми хабарлама жіберіледі. ТЖД мамандары нысан басшылары мен жауапты қызметкерлерге өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың нақты тетіктерін де ескертті. Алғашқы өрт сөндіру құралдарының жеткілікті болуы, қызметкерлердің өрт кезіндегі әрекеттерді меңгеруі, сондай-ақ электр желілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты назарда.
Мадина Сейтқамза, ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің аға инженері:
Қандай да бір тексерістер өткізілгеннен кейін субъект тексеріс жүргізген инспекторларға ақпаратты ұсынуға міндетті. Егерде ұсынбаған жағдай болатын болса, ұсынбаған жағдайда бақылау және қадағалау органы екі жұмыс күні ішінде бақылау және қадағалау субъектісіне нұсқаманың орындалуы туралы ақпарат беру қажеттігі туралы сұраныс жүргізеді.
Жыл сайын 10 желтоқсан мен 10 мамыр аралығында бақылау және қадағалау органдары келесі жартыжылдыққа арналған тексеру тізімдерін уәкілетті органдарға жолдайды. Бұл тізім ҚР Бас прокуратурасының интернет-ресурстарында жарияланып, алдын ала қолжетімді болады.
Талант Тұрсынов