Өскемен іргесіндегі Шешек асуында абаттандыру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Қала әкімі Алмат Ақышов арнайы барып, орындалған жұмыстардың сапасын тексерді. Жоба аясында жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, балаларға арналған ойын алаңы, автотұрақ, алтыбақан, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған.

Абаттандыру жұмыстары көктемде басталған. Қазір аумақты электр қуатымен қамту мәселесі қарастырылуда. Бұған дейін бұл жерде жарық мүлде болмаған. Электр қуаты тартылған соң, демалыс аймағы тәулік бойы жұмыс істейді. Сонымен қатар, бейнебақылау жүйесін орнату да жоспарда бар.

Арман Сабылханов, қала тұрғыны:

Балаларға арналған арнайы алаң ашылуына және таудағы көрніс соны көруге өзіміз бірініші рет келіп тұрмыз. Енді бұл аймақта осындай болғанына қуаныштымыз. Өскемен қаласының әкіміне рахмет айтамыз. Ризашылығымызды білдіреміз. Бұндай жақсы жерлер ашыла берсін.

Қала әкімі Алмат Ақышов жұмыс барысын егжей-тегжейлі қарап, жауапты мекемеге жұмыстың сапасы мен мерзімін басты назарда ұстауды тапсырды.

Ерлан Әубәкіров, учаске бастығы:

Енді қалған жұмысы электричество өткізу. Бұйырса, ертең бастаймыз. Қалған жұмыстың бәрін аяқтадық. Жоспар бойынша осы августте бітуі керек болатын. Өзіміз жасаған жұмыстарда, материалдарға сынып қалса, өз тарапымыздан ауыстырып, түзеп береміз. Гарантиясы бізде 3 жылға дейін болады.

Бұдан бөлек, шаһар басшысы Алмат Ақышов Ертіс көпірінің астында ашылған демалыс орнына да барды. Тиімді пайдаланылған бос кеңістік қазірдің өзінде қала тұрғындарының сүйікті мекеніне айналған. Мұнда серуендеп, спортпен айналысатындар қатары күн санап артып келеді. Алаңда баскетбол алаңы, сегізбұрышты ринг, жаттығуға арналған тренажерлар, үстел теннисі, турник, велотұрақ, киім ауыстыратын бөлмелер де қарастырылған.

Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:

Өскемен қаласында мына Ертіс көпірінің астын абаттандыру жасадық. Өздеріңіз көріп тұрғандай шыныменде адамдар арасында қызығушылық танытты. Жұмыс ары қарай жалғасатын болады. Бұнымен тоқтамаймыз. Бізде білесіздер көпірлер бар әлі. Сол көпірлердің астын игеру бойынша жұмыс жасайтын боламыз.

Сонымен қатар, аумақта қауіпсіздік те ескерілген. Мұнда 8 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл - қаланы жайлы әрі қауіпсіз ету жолындағы кешенді шаралардың бірі. Қала әкімінің айтуынша, алда демалыс орындары көптеп салынып, халық игілігі үшін берілмек.


Кәусар Идаятқызы