Өңірде көлік салығын төлемей, айыппұлдан жалтарып жүрген азаматтарды анықтау мақсатында профилактикалық шара өтіп жатыр. Мемлекеттік кірістер департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған рейд жұмыстарына жеке сот орындаушылары мен полиция қызметкерлері жұмылдырылған.
Өскемендік автокөлік иелерінің көлік салығы бойынша 300 миллион теңгеден астам қарызы бар. Борышкерлер тізімінде 6 мыңға жуық адам тұр. Шара барысында салық төлемеген жүргізушілерге ескерту айтылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Мақсат Құдайбергенов, Облыстық жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы:
Тиым салынған автокөліктерді ақылы автотұраққа қоюуды гаиға жібереміз. Ол біздің қаулылар сергек, мерген және опер мобильдік предложение енгізіліп, жаңағы боталионмен іске асырылып, ұсталып, тұраққа қойылады. Ол тұраққа қойған автокөліктерді біз отценщик жалдап, оларды бағалап, келесіде электрондық тарге дейді соған саламыз сату үшін.
Бүгінде көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешек азаймай тұр. Негізгі бөлігі қозғалтқышының көлемі 4000 текше см-ден асатын автокөліктерге тиесілі, дейді мамандар.
Рахат Әсетов, ШҚО бойынша МКД Өскемен қ. бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы өндірістік емес төлемдер бөлімінің бас маманы:
Жалпы берешек көлемі бүгінгі күні 301 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде 2024 жыл мен алдыңғы жыл бойынша да қарыздар бар. Меморандум аясында патрульдік экипаждарға берешегі бар көлік нөмірлерінің дерекқоры берілген. Салық органдары тарапынан салықтық бұйрық шығарылады, ол кейін сот орындаушыларына жіберіледі. Ал сот орындаушылар тиісті қаулыларды полиция департаментіне жолдайды. Осыдан кейін полиция тарапынан түрлі іс-шаралар жүргізіледі.
Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері азаматтарды оқыс оқиғаларды болдырмау үшін салықты уақтылы төлеуге, сондай-ақ бар қарыздарды дер кезінде өтеуге шақырады. Берешектің бар-жоғы туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан немесе «Egov» электрондық үкімет порталынан, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшасы арқылы білуге болады. Сонымен қатар, «e-Salyq azamat» қосымшасы, Телеграм мессенджерінде арнайы чат-бот жұмыс істейді.
Кәусар Идаятқызы