Облыс орталығында құрылысшылар күніне орай аймақтың ең үздік мамандары марапатталды. Мемлекеттік наградалар мен құрмет грамоталары – қажырлы еңбектің, сапалы жұмыстың және ел дамуына қосқан зор үлестің белгісі. Шарада сала мамандарына алғыс хаттар мен ордендерді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов табыстады.
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының үлкен залында мерекелік сән мен салтанат ерекше сезілді. Бұл – жыл бойы қажырлы еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне үлес қосқан құрылысшыларды ұлықтау сәті. Сахна төрінен ел игілігі үшін жылдар бойы маңдай терін төккен құрылысшылар, инженерлер, сәулетшілер көрінді. Олардың әрқайсысы – өз ісінің шебері. Құрылысшылар күнінде осындай еңбектің бағалануы – сала мамандары үшін үлкен мәртебе. Құрылыс – ел дамуының іргетасы, ал сол іргетасты берік қалау – осы азаматтардың қолында.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Құрметті құрылысшылар, құрылыс саласы ел дамуының тірегі, ұрпақ болашағының іргетасы.Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, тынымсыз еңбектеріңіз нәтижесінде облысымыз құрылыс қарқыны бойынша Республикада алдыңғы қатарда келеді. Ол сіздердің, баршаңыздың ерен еңбектеріңіздің жемісі, нәтижесі.
Марапат иелері қатарында – көп жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар да, жаңа леп әкелген жас кадрлар да бар. Мемлекеттік наградалардың ішіндегі ең жоғарысы – «Құрмет» ордені. Бұл мәртебелі марапат «AN Groups» ЖШС директоры Қайнар Дүйсеновке табысталды. Ол басқарып отырған компания өңірдің көптеген маңызды нысандарын салуға атсалысып келеді. Ал, «Ерен еңбегі үшін» медалі бірнеше азаматқа берілді. Мемлекеттік наградалардан бөлек, өңір басшысының алғыс хаттары да өз иелерін тапты.
Талант Ахметжанов, «СМУ ШЫҒЫС» ЖШС атқарушы директоры:
Біз 30 жылдан астам уақыт бойы құрылыс саласында еңбек етіп келеміз. Мектептер, ауруханалар, инфрақұрылымдық нысандар, су және жылу желілерін саламыз. Өзім осы салада 10 жылдан бері жұмыс істеймін. Шара аясында еңбегім бағаланып, алғыс хатқа ие болдым. Барлық әріптстерімді мерекемен шын жүректен құттықтаймын, еңбектеріңіз жемісті, жұмыстарыңыз сәтті болсын.
Мерекелік жиын өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Бұл күн – елдің дамуы мен өркендеуіне негіз болған жандардың еңбегін бағалайтын, олардың рухын көтеретін мерейлі мереке.
ТАЛАНТ ТҰРСЫНОВ