Өңірдегі жолаушылар тасымалдаушыларын қолдауға 1,5 миллиард теңге бөлінбек. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXIII сессиясында айтылды. Жиында бұған дейін бекітілген облыстық бюджетке өзгерістер енгізілді. Рет – ретімен тілші сюжетінде.
Жиындағы өзгерістер республикалық бюджеттен бөлінетін мақсатты трансферт көлемінің артуы және 16,1 миллиард теңге субвенцияның қайта қалпына келтірілуімен байланысты болды. 1,5 млрд теңге әлеуметтік маңызы бар қалалық, ауылдық, қала маңындағы және ауданішілік бағыттарда жолаушыларды тасымалдайтын автокөлік компанияларының шығындарын өтеуге жұмсалады. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрсұлтан Маратовтың мәліметінше, 2025-2027 жылдары энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы бірқатар жобаға қаржы бөлінеді.
Нұрсұлтан Маратов, Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:
Ағымдағы жылға араналған облыстық бюджетті нақтылау үшін републикалық бюджеттен берілетін трансферттің өзгеруі, республикалық бюджеттің төлемі 16,1 млрд теңге көлемінде қалпына келтіру болды. Республикалық бюджет бойынша 2,9 млрд теңгеге азайту көзделген. Оның ішінде Риддерде 200 төсектік аурухана мен 500 келушіге арналған емхана салу бойынша 1,2 млрд теңге. Мемлекеттік АӘК 1 млрд теңге. Ауыл әкімдерін сайлауды қамтамасыз етуге 77 млн.
Бұдан бөлек, өңірдегі 52 білім беру нысанын жөндеуге 959,4 млн теңге қарастырылған. Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое, Шемонаиха аудандарындағы 6 мектепке инженерлік желілерді қосуды аяқтауға 518,7 млн теңге, Зайсан ауданына қарасты Жарсу ауылындағы мектептің спорт корпусының құрылысын аяқтауға 93 млн теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, өңірде электр энергиясы тапшылығы бар аудандардың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жоба қолға алынды. Аймақ басшысының айтуынша, мәселе Зайсан, Тарбағатай, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Күршім және Марқакөл аудандарында өзекті болып отыр.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біз Үкімет алдына осы мәселені ұсындық. Үкімет қолдау беріп отыр. Енді осы мәселені шеше бастаймыз. Глубокое ауданындағы Предгорный УК-500 станциясынан сол аудандарға желі тартсақ, аталмыш аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа кезеңге өтеді деп ойлаймыз.
Жаңа инфрақұрылым шағын және орта бизнестің дамуына, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндіріс көлемін арттыруға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етпек. Сонымен қатар, жиында медицина саласы да назардан тыс қалмады. Мәселен, облыстық мамандандырылған медициналық орталығында және Зайсан, Тарбағатай, Күршім аудандық ауруханаларындағы жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлінді.
Қымбат Иманғалиева