Өскеменде жас жол инспекторларының XX халықаралық және республикалық слетінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Ғазиз Байтасовтың есімімен аталған бұл ауқымды шара бірнеше күн бойы жасөспірімдерге жол қауіпсіздігін сақтаудың маңызын үйретіп қана қоймай, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Шараға Қазақстанның барлық өңірінен және көршілес мемлекеттерден келген жас инспекторлар қатысты.

Шара бірнеше күн бойы «Дарын» жазғы лагері аумағында өтті. Қатысушылар жол жүру ережелері бойынша білімдерін сынап, алғашқы көмек көрсету машықтарын көрсетті. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа идеяларымен бөлісті. Соңғы күні жеңімпаздар мен қатысушылар марапатталды. Бұл слет жасөспірімдердің көшбасшылық қабілетін, топпен жұмыс істеу дағдыларын шыңдаумен қатар, жол қауіпсіздігі мәдениетін нығайтуға өз үлесін қосты.

Ердәулет Хайролла, шараға қатысушы (Атырау облысы):

Бұл слетта көптеген достар таптық. Өзіме керекті нәрселерді үйрендім. Бұл слетта өткен 10 күніміз өте жақсы өтті. Жарыстары да жақсы. Бос уақыт болған жоқ. Сайыс, қызықты түрлі жарыстар болды. Алғашқы көмек көрсетуден аздап қиындықтар болды. Бірақ, енді командамен қосыла жұмыс істеген соң, бәрін ойдағыдай жеңіп шықтық деп ойлаймыз.

Полина Ратушная, шараға қатысушы (Павлодар облысы):

Біз бұл байқауға Павлодар облысынан келдік. Мен отряд командирімін. Бұл мен үшін есте қалатын шаралардың, ең керемет күндердің бірі деп айтсам артық айтпаймын. Маған басқа қатысушылардың да өнері қатты ұнады. Тіпті, кейбір командалар ерекше креативтілік танытып, көзге түсті. Мұндағы балалар бір-бірінен өткен ақылды, талантты. Осындай жерде барлық жастардың басын бір жерге қосқан ұйымдастырушыларға рахмет.

Елдің әр өңірінен келген жас өрендер бұл байқаудың берері көп, дейді. Ал, шығысқа сонау Қырғызстаннан келген Азиза жаңа достар тауып, көп ілім меңгергенін жасырмады.

Азиза Мелсова, шараға қатысушы (Қырғызстан):

Біз бұл шараға сонау Қырғызстанның Бішкек қаласынан келдік. Байқауға өте жақсы дайындалдық. Сап түзеп, жол ережелері жайында жарыстың түрлі кезеңдерінен өттік. Өзіме қиын әрі қызықты болған сәт сұрақ-жауап. Мұнда мен тың ақпараттарды біліп, керек мәлімет ала алдым.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – жасөспірімдерге жолда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін үйрету. Жол-көлік оқиғасының алдын алу.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті жол қауіпсіздігі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Қатысушылардың жас ерекшелігі – 11-14 жас аралығында. Яғни, талдауға сүйенетін болсақ қаза болатын жасөспірімдердің 60 пайызы ересек адамдардың кінәсінен қайтыс болатын боп жататын болса, тасымалдау ережелерін сақтамау салдарынан. Ал, қалған 40 пайызы көбінесе жаяу жүргінші ретінде. Яғни, 11-14 жас аралығында бұлар өте ширақ болады. Сол үшін Ішкі істер органдары осындай қозғалысты іске асырған. Мақтау қағаздары, алғыс хаттар, дипломдардың саны 150-ден асады. Яғни, келген баланың саны 200-ге жуық бала болса соның барлығына мүмкіндігінше сыйлықтарымыз бен марапаттарды беруге тырысып жатырмыз.

Қатысушылар үшін бұл шара тек жарыс ғана емес, жол қауіпсіздігі бойынша жаңа білім мен тәжірибе алған, өзара байланыс орнатқан маңызды кезең болды.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ