Аймақтағы ветеринария саласының мамандарына су жаңа 113 қызметтік техника тарту етілді. Автокөліктер облыстық ветеринария басқармасы қызметкерлерінің жеделдігі мен мобильдігін арттыру үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылық қолдауымен 2,3 миллиард теңгеге сатып алынды. Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы келді.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов салтанатты шараға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтады. Өңірдің эпизоотиялық ахуалын сақтауда және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринариялық ұйымдардың еңбегі зор екендігін тілге тиек етті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бүгінгі маңызды шарада осынау жақсы жаңалықпен құттықтаймыз! Бүгінгі күні біздің облыста 500-ден астам ветеринария саласының мамандары жұмыс жасайды. Он үш коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын және жүз ветеринариялық пункт жұмыс істесе, осының барлығы біздің облыстың эпизоотиялық жағдайын ретке келтіре отырып, мал шаруашылығының дамуына, халықтың әл-ауқатының үлкен қолғабыс тигізуде.

Мұндай қызметтік көліктер мамандарға соңғы рет осыдан он екі жыл бұрын берілген. Табыс етілген техника аймақтың аудандары мен қалаларына, соның ішінде шалғай ауылды елді мекендерге бөлінді.

Қайрат Ибраев, Облыстық ветеринария басқармасының «КҮРШІМ-ВЕТ» ШЖҚ КМК директоры:

Бүгінгі күнде 85 мал дәрігері екі ауданда қызмет жасауда. Он екі ветеринариялық пункт бар. Бүгін міне елбасының үкімімен автокөліктер алып жатырмыз арнайы жабдықталған. Алғысымызды білдіреміз. Осы көлікті халық игілігіне жаратамыз деп айтамыз.

Нұртас Пұшпақов, Зайсан ауданы «Дайыр ауылдық округі» медпунктінің меңгерушісі:

Жұмыс атқарғаныма 6 жылдан асты. Зайсан ауданына 9 автокөлік беріліп отыр. Қуанып отырмыз. Барлық ветеринар мамандардың қуанышында шек жоқ.

Су жаңа темір тұлпарлар аудандарға жіберіліп, мамандарға вакцинация жүргізу, жедел шақыруларға бару, диагностикалық және шұғыл шараларды атқаруға мүмкіндік бермек.

Оразхан Кашибаев, Облыстық ветеринария басқармасының «ҰЛАН-ВЕТ» ШЖҚ КМК директоры:

Ұлан ауданына 16 автокөлік беріп отыр. Ол біздің халықтың игілігіне, қазіргі кезде малдың эпизотиялық ахуалына қарсы күрес үшін өте қажет дүние. Материалдық-базалық техниканы толтырып жатырмыз қазіргі таңда. Бізде 15 мед пункт бар. Сол барлығына осы машиналар табысталады. Тіркеу жұмыстары бүгін-ертең біткен соң біздің мамандар осы көліктермен жұмыс істеуіне болады.

Ұйым мамандарына көлік кілтін табыстау рәсімінен кейін ветеринария саласының ардагері Есенкелді Бәкімбаев та әріптестеріне жылы лебізін жеткізді.

Есенгелді Бәкімбаев, ветеринария саласының ардагері:

Осы орайда өңірдегі барлық ветеринария қызметкерлерінің атынан облыс басшылығына алғысымды білдіремін! Құрметті әріптестер! Облыстағы ветеринариядағы тұрақтылық ең алдымен сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі. Бұл беріліп отырған көліктер сіздердің абыройлы қызметтеріңізге жасалған нақты қолдау.

Жаңа техника мамандардың жұмысын жеңілдетіп, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ