Өңірде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының баспасөз туры өтті. Шара барысында аймақта жүзеге асырылып жатқан қайырымдылық жобалары мен бағдарламалары таныстырылды. 2022 жылдан бері қор, облыс тұрғындарына 4,6 млрд теңгеден астам көмек көрсеткен. Қолдау шаралары денсаулық сақтау мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
«Қазақстан халқына» қорының «Ерте араласу орталықтарын жарақтандыру» жобасы аясында елімізде 13 орталық ашу жоспарланған. Соның бірі қазір облыс орталығында жұмыс істеп тұр. Ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған бұл мекемені жабдықтауға қор тарапынан 64,8 млн теңге бөлінді. Орталық заманауи құрылғылармен қамтылып, балалардың дамуына жан-жақты қолдау көрсетеді.
Алма Тоқтасынова, ата-ана:
Біз бұл орталыққа осымен 3 курс келіп отырмыз. Үлкен қызымды әкеліп отырмын. Қызымды осы жерге барлық мамандар жақсы қарайды. Тілі шықты, бәрі жөнделіп келе жатыр, орталыққа рақметімді айтамын.
Құндыз Тоқтарова, дәрігер-реабилитолог:
Бұл центрда балалар 3 айдан бастап 3 жас 11 айға дейін ем алады. 2024 жылы осы «Ерте араласу орталығында» ем алған балалардың саны 604 бала бір жылдың ішінде ем алған болатын. Осы 7 айдың ішінде 305 бала осы жерде ем алып жатыр.
Қордың қолдауымен өңірдегі сегіз арнайы мектеп заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Ал, облыстағы 20 білім беру мекемесінде «Болашақ инженерлер» жобасы аясында робототехника кабинеттері ашылды. Бұл бастамалар ауылдық және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік беріп отыр.
Дәл осындай жобалардың нәтижесінде ауыл мектептерінің оқушылары ғылым, техника, өнер және медиа салаларында дағдыларын дамытып жатыр. Заманауи зертханалар мен шығармашылық студиялар олардың білім көкжиегін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
Динара Нұрқасымова, «Қазақстан халқына» қорының аға жоба менеджері:
Тірек мектептерін жабдықтау жобасы бойыншы Қазақстанда біз 135 мектеп жарақтандырдық. Соның ішінде ШҚО бойынша 8 мектеп, 2 млрд теңгеде көлемінде қаржы бөлінді.
Соңғы үш жылда «Қазақстан халқына» қоры өңірдің білім беру сапасын арттыруға қомақты үлес қосты. Ауылдық тірек мектептерін жаңғыртудан бастап, ерекше балаларға арналған орталықтарды жабдықтауға дейінгі жобалар өңірдің түкпір-түкпірінде жүзеге асуда. Мыңдаған оқушы заманауи кабинеттерде білім алып, жүздеген студент тегін оқуға мүмкіндік алды. Қайырымдылық бастамалар өңірдің білім беру инфрақұрылымын жаңартып қана қоймай, жас ұрпақтың болашағына сенімді қадам жасауына жол ашты.
БЕКАРЫС СЕКЕН