Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі көпбалалы аналарға салтанатты түрде «Алтын алқа» мемлекеттік наградасын табыстады. Олардың ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегін атап өтіп, алғысын білдірді. Қазір өңірде 12 мың 900-ге жуық көпбалалы ана бар. Соның ішінде 1500-ден астамы «Алтын алқа», ал 2900-ы «Күміс алқа» иегері атанған.

Салтанатты шара барысында аймақ басшысы көпбалалы аналармен емен-жарқын әңгімелесті. Тұрғындардың сұрақтарын тыңдап, олардың ұсыныстарын назарға алды. Әкімнің айтуынша, мемлекет әрдайым аналардың мәртебесін көтеруге, көпбалалы отбасыларды қолдауға баса мән беретіндігін атап өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ана бұл тек қана отбасының ғана емес, тұтас елдің берекесі, жаны, болашағы деп айта аламыз. Қазіргі уақытта біздің облыста 12900 жуық көпбалалы аналар бар. Оның ішінде Алтын алқа 1,5 мыңдай ана марапатталған. 2900 жуығы күміс алқамен марапатталған.

«Алтын алқа» - ҚР-ның ең мәртебелі марапаттарының бірі. Ол жеті немесе одан да көп бала дүниеге әкелген аналарға беріледі.

Гүлжамал Бершімбекова, «JAN ANA» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

Бүгін біздің Мемлекет басшысының тапсырмасымен ШҚО әкімі көп балалы аналарды ұлықтап, марапаттады. Бұл біздің облыста алғаш рет, бүгінгі күні облыс әкімі өз қолымен аналарды ұлықтап марапаттау сәтін өткізді.

ҚР Президентінің 2025 жылғы Жарлығымен марапатталғандардың қатарында Глубокое, Ұлан ауданы және Өскемен қаласының тұрғындары бар. Олар көпбалалы отбасы тәрбиелеп, қоғамға үлгі болып отыр.

Сәуле Қамбарова, «Алтын алқа» иегері:

Мен Түркістан облысынан көшіп келген көп балалы анамын. Мен ШҚО, Ұлан ауданы, Айыртау ауылына көшіп келгенмін. Міне келгеніме 6 ай болды. Менің қатты қуанатыным ШҚО бізді жақсы қарсы алды.

Бұл құрмет - көпбалалы аналардың еңбегін бағалап қана қоймай, келешек ұрпаққа үлгі болуға да мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.


БЕКАРЫС СЕКЕН