Облыс аумағында «Тұрмыс» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Рейд жұмыстарының барысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға басымдылық берілген. Полиция қызметкерлері арнайы есепте тұрған тұрмысы төмен «қолайсыз отбасыларды» аралап шықты. Тексеру кезінде мамандар ерекше тізімге алынған әке-шешелерімен бірге тұрып жатқан кәмелетке толмаған балалар қауіпсіздігін қадағалап, өмір сүру жағдайларымен танысып қайтты.

Қолға алынған шараның мақсаты – отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Заң аясында мұндай құқық бұзушылыққа жол бергендерге әкімшілік жауапкершілікке тарту ісі қарастырылған. Рейд барысында жергілікті полиция қызметкерлері есепке қойылған үй-жайларды аралап, ішімдікке әуес үй иелеріне тиісті ескертулер жасады.

Дархан Бұланов, Өскемен қ. ПБ жергілікті полиция қызмет бөлімінің бастығы:

Мекенжайлар бойынша тексеру жұмыстары жүргізіледі. Ол тексеруге қорғау нұсқамасы шығарылған азаматтар кіреді. Сотпен ерекше талаптар орнатылған азаматтар кіреді. Балаларына қатысты дұрыс тәрбие жұмыстарын жүргізілмеген ата – аналар мекенжайлары бойынша тексеріліп солармен профилактикалық жұмыстар атқарылады.

Полиция қызметкерлері есепте тұрған адамдарға бекітілген кесте бойынша барады. Мамандар қала шетіндегі саяжайларға да жиі тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Мұнда көбіне көпбалалы отбасылар қоныстанған. Солардың бірі – оңтүстіктен көшіп келген Нұрлан Нарегеев. Жалғызбасты әкенің басында баспанасы жоқ, жалдамалы үйде тұрады. Қызметкерлер оны әрдайым бақылауда ұстап, мүмкіндігінше көмек те көрсетеді.

Нұрлан Нарегеев, көпбалалы әке:

Жұмыс істейміз. Сегіз баланы бағамыз. Кейде жетпей қалған кездерде болады. Оны енді мынау полиция қызметкерлеріне хабарласамыз. Қолынан келген көмектерін беріп жатыр. Рахмет!

Отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бейжай қалдырған емес. Сол себепті әрбір азамат зорлық-зомбылыққа жол бермеу керектігін есте ұстағаны абзал, дейді тәртіп сақшылары.


ГҮЛДАНА АЙДАРҚЫЗЫ