Өңірде экспорттық әлеуеті жоғары кәсіпорындар жаңа қарқынмен дамуда. Қазақстан Экспорттық-кредиттік агенттігі және облыс әкімдігінің қолдауымен өткен баспасөз туры аймақтағы өндіріс ошақтарының мүмкіндіктерін таныстырып, мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелерін көрсетті. БАҚ өкілдері бір күнде үш ірі кәсіпорынға барып, олардың өндіріс процесі және шетелдік нарыққа шығу жолдарымен танысты.

Алғашқы аялдама – Глубокое ауданындағы «Алтын Шығыс» зауыты. Бұл – алтын дәннен мөлдір май сығып, ел байлығын арттырып отырған кәсіпорын. Тәулігіне 1 400 тонна күнбағыс майы өндіріледі. Ал қыркүйек айынан бастап бұл көрсеткіш 1 800 тоннаға жетпек. Дайын өнімнің 90 пайызы Орталық Азия елдері мен Қытайға жөнелтіледі. Қазір мұнда жаңа рафинация және бөтелкелеу цехтары бой көтеріп, ішкі нарыққа да өнім жеткізудің қамы жасалып жатыр. Кәсіпорын 2020 жылдан бері Экспорттық-кредиттік агенттігінің қаржылық демеуі және сақтандыру тетіктерін пайдаланып, ауқымын кеңейтіп келеді.

Аслан Қалиасқаров, күнбағыс дәнін өндіру цехының бастығы:

Осында біз май өнімінің бес түрін шығарамыз. Ол бірінші май, одан кейін шрот өнімдері, екі түрі, одан кейін гранулалар. Одан кейін осы қазіргі тұрған жерде күнбағыстың дәнін өңдеу цехы.

Келесі нысан – «Востокмашзавод» акционерлік қоғамы. Бұл – от пен болаттың тоғысқан ордасы. Мұнда өндірілген арматура мен болат дайындамалары аймақтағы әртүрлі зауыттарға жол тартады. Кәсіпорын Экспорттық-кредиттік агенттігі көмегімен экспорттық келісімдерді сақтандырып, төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігіне ие болды. Ал ең маңыздысы – зауыт өз тарихын тек металлмен ғана емес, адам еңбегінің абыройымен өріп келеді. Тәжірибелі мамандар жаңа буынды баулып, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбекке құрмет көрсетуде.

Игорь Пак, «Востокмашзауыт» АҚ бас директорының м.а:

Бұл кәсіпорын 1958 жылы құрылған. Қазіргі таңда 300-ге жуық адам еңбек етеді. Негізінен құю өндірісімен айналысамыз. Бізде толық цикл бар: құюдан бастап механикалық жинақтауға дейін. Тапсырысқа қарай қаптап, механикалық өңдеуден өткіземіз. Бүгінде өнімдерімізді Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Түрікменстанға экспорттап отырмыз.

Баспасөз турының соңғы нүктесі – "Алтай Май" ЖШС. Бұл майлы дақылдарды қайта өңдеу бойынша толық циклді заманауи көпдақылды май экстракциялау зауыты. Жылдық қуаты 75 мың тонна май өндіретін алып кешен қыркүйек айында іске қосылады. Қалдықсыз технологиямен жабдықталған өндіріс 300-ден астам адамға жаңа жұмыс орны болады. Өнімнің басым бөлігі – шетелге, ал қалғаны – елдің өз тұтынушысына арналмақ. Экспорттық-кредиттік агенттігі бұл жобаға да несие сақтандыру мен айналым қаражатын толықтыру арқылы демеу көрсетіп отыр.

Нұржан Меджанов, «Алтай Май» ЖШС бас директоры:

Бұнда күніне 500 тонна шемішке дақылдары өңделеді және 400 тонна рапс дақылдары өңделеді. Күніне шығатын майдың, тазаланбаған май, шикі май деп айтамыз – ол 220 тонна және оны рафинациялаймыз. Ол 120 тонналық күніне болады.Және де мына жерде бүгінгі күнге бүкіл проекттің бағасы 20 миллиардтан асады.Қазіргі күнге проект өз жұмысын бітірді. Қазір іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Шығыс Қазақстан – елдің экспорттық қақпасы іспетті. Мұндағы өнім тек шекарадан асып қана қоймай, шетел тұтынушыларының сеніміне ие болып келеді. Биыл агенттік 80-нен астам экспорттаушыны қолдады, олардың 70 пайызы – шағын және орта бизнес өкілдері. Мемлекеттік қолдау арқасында шығыстың өндіріс ошақтары жаңа тыныс алып, әлемдік нарыққа сенімді қадам басып келеді.


Талант Тұрсынов