Ресми деректерге сүйенсек, биыл ШҚО жасөспірімдер арасындағы жүктілік көрсеткіші бойынша «қызыл аймақта» тұр. Бұл туралы облыс орталығында өткен «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығын бірге қорғайық» атты өңірлік семинарда айтылды. Жиынға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері қатысты. Кездесу барысында ерте жүктілік, жасөспірімдер арасындағы түсік сияқты өзекті тақырыптар талқыланды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың айтуынша, бұл – жылдар бойы шешілмей келе жатқан өзекті мәселе. Бес жыл бұрын өңірде кәмелетке толмаған елу қыз бала босанған. Ең сорақысы, көрсеткіш соңғы он бес жылда айтарлықтай өзгермеген. 2025 жылдың басындағы деректер де алаңдатады. Атап айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда жасөспірімдер арасындағы түсік саны 11 пайызға артқан. Жоғарғы санаттағы дәрігер, гинеколог Сұңқар Хангелдинаның сөзінше, ерте жүктіліктің зардаптары өте көп. Жатыр толықтай жетілмей жатып, оған біткен шарана қыз баланың репродуктивті органдарына зиян келтіреді. Кей жағдайда бұл бала сүю мүмкіндігінен айыруы да мүмкін.
Сұңқар Хангелдина, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі:
Соңғы мәлімет бойынша ШҚО ерте босану, яғни жасөспірімдердің арасындағы жүктіліктің өте көптігі және оның красная зонада тұрғанына байланысты біз осы комиссия мүшелері статистикамен толық танысып, арнайы ақпараттарды көзімізбен көруге келген жағдайымыз бар. Сондықтан, мен ойлаймын бүгінгі семинар жалпы осы өңірдегі көптеген мамандарға жасөспірімдерге мектептің басталар алдындағы қандай да бір шараны жақсылап ұйымдастыруға үлкен бір көмегі тиеді және болашақта да үлкен бір жобаны алға қоямыз деп ойлаймын.
Ресми статистикаға сәйкес, өткен жылы өңірде осы мәселенің алдын алу үшін қырық екі мың жасөспірімді қамтыған отыз бес мың сабақ өткізілген. Ал, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары 1500 шара өткізсе, құқық қорғау органдары 200 рейд жүргізген. Психологиялық көмек орталықтары екі жылда 6,5 мың жасөспірімге қолдау көрсеткен. Бірақ, бұл шаралар мәселені айтарлықтай азайтпаған. Сол үшін бұл семинарға республика көлеміндегі білікті мамандар қатысып, мәселенің негізгі себебін талқылауға жиналды.
Гаухар Нұрахметова, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы:
Жасөспірімдер мен жастар арасында репродуктивті денсаулық мәселесімен өзара тұлғааралық қарым-қатынастарын қалыптастыру бойынша мақсатты әрі жүйелі оқу жұмысын жүргізу бізге бүгінгі таңда өте маңызды болып отыр. Ол ең алдымен оларды хабардар ету деңгейін арттыруға, жастардың өмір сүру сапасына және отбасы мен қоғамдағы қарым-қатынас сипатына әсерін беретіні сөзсіз.
Сарапшылар ерте жүктіліктің көбеюі – ата-аналар мен мектептегі тәрбие жұмысының әлсіздігін аңғартады, дейді. Сол себепті мамандар дәстүрлі сабақтармен шектелмей, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін де қолдану керек екенін атап өтті.
Мадина Мырзабекова, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан, денсаулық сақтау министрінің №12 бұйрығына сәйкес, біздің өңірдегі медициналық ұйымдарда жастардың денсаулық орталықтары ашылды. Қазіргі таңда 6 медициналық ұйым жұмыс істеп тұр. Яғни, жастар орталығының кабинеттері бар. Онда 30-дан астам маман қызмет атқарады. Олар — акушер-гинеколог, уролог, терапевт, жалпы практика дәрігері, психолог және өзге де мамандар. Жақында біздің мамандар Астана қаласында орналасқан ғылыми орталықта оқудан өтті.
Шараға қатысушылар бұл мәселенің түбірін үзу үшін ата-ана, мұғалім, дәрігер және қоғам белсенділері бірлесіп жұмыс істеуі қажеттігін айтты.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ