Ұлттық статистика бюросы жариялаған мәліметке сүйенсек, биылғы бірінші жартыжылдықта шығысқа 100 мыңнан астам турист келген. Соның 95 мыңнан астамы ішкі туризмді дамытпақ ел азаматтары болса, қалғаны шетелдік меймандар. Облыстың туристік әлеуетін арттыру мақсатында түрлі бастамалар қолға алынған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте туризм басқармасы мәлім етті.

Биыл туризм саласына 15 млрд теңге инвестиция тартылып, 2 ірі нысан іске қосылды. Облыста қонақ үй қызметінің көлемі 2 млрд теңгені құрады. Мақсат - 2029 жылға дейін шығысқа келетін қонақтар санын 650 мыңға жеткізу. Инфрақұрылымды дамыту мақсатында 168 км жол жөндеуден өтіп,12 жаңа санитарлық торап орнатылды. Келуші меймандардың басым көпшілігі табиғат аясында демалғанды құп көреді. Осыған орай өңірлік туризмнің басты бағыты – экотуризм екені мәлім болды.

Ержан Сембинов, Облыстық туризм басқармасының басшысы:

Өңірде экотуризмді дамытуға бағытталған жаңа жоба қолға алынды. Ол – Марқакөл көлі мен Қытайдағы Қанас курорттық аймағын байланыстыратын трансшекаралық туристік маршрут. Қазір көлік басқармасы техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеп, 88 шақырым жол салу және пойыз қатынасын ұйымдастыру мәселесін қарастыруда. Сонымен қатар инвестор іздеу және Көлік министрлігімен жобаны мақұлдау жөнінде келіссөздер жүруде. Қанас пен Марқакөл туризмінің әлеуетін байланыстырсақ, бұл Марқакөл, Катонқарағай, Күршім аудандарына және жалпы облыс экономикасына айтарлықтай пайда әкелмек.

Өңірдегі туризмнің дамуына тың серпін беретін ауқымды жобалардың бірі – Катонқарағай мен Зайсан аудандарындағы әуежай құрылысы. Бұл бастама ішкі және халықаралық бағыттағы әуе қатынасын кеңейтіп, туристер легін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Нысандар биылғы жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі, деген жоспар бар.


ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ