Шығысқа жұмыс сапарымен ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров келді. Сапар аясында ол өңір тұрғындарымен кездесіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асу барысын таныстырды. Биыл алғашқы жартыжылдықта комитет 672 тексеру жүргізіп, 920 миллиард теңгеден астам қаржы қамтылды.
Комитет жүргізген тексерулер нәтижесінде биыл алты айда 310 миллиард теңгеден асатын мемлекеттік қаржы негізсіз жұмсалған. Бұл былтырмен салыстырғанда едәуір үлкен көрсеткіш. Осы мәселе бойынша комитет тексерулердің нақтылығын арттырып, алдын алу шараларын күшейткен. Бұл — қаржы тәртібін жақсартудың негізгі тетігі, дейді Ержан Тілекұлы. Сондай-ақ, мемлекет қаржысын мақсатсыз жұмсаған лауазымды тұлғаларға арнайы заң жобасы да қарастырылған.
Ержан Мыңжасаров, ҚР Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы:
Заңнамада ден қою шаралары қарастырылған – бұл кінәлі лауазымды тұлғаларға тәртіптік жаза қолдану, ал егер бұзушылықтар әкімшілік құқық бұзушылық құрамына кірсе, онда лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бірінші жартыжылдықта біз 436 млн теңгеге 4 мыңнан астам әкімшілік іс қозғадық, олар бюджетке өндірілді. Қылмыстық іс-әрекет белгілері болған және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама орындалмаған жағдайда материалдар процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына беріледі.
Ал, жаңа «Онлайн-бюджеттік мониторинг» модулі білім, денсаулық, мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақысы заңды төленіп жатқанын қадағалауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 1 миллиард 200 миллион теңгенің заңсыз төлемдері анықталып, оның 775 миллион теңгеден астамы бюджетке қайтарылды.
Ержан Мыңжасаров, ҚР Қаржы министрлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы:
Ішкі мемлекеттік аудит комитеті аудит қызметін жүйелі түрде цифрландыруда. Заманауи технологиялық шешімдерді енгізу бізге бюджет процесін жедел бақылауға, алдын ала анықтауға және дер кезінде әдістемелік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Ерекше назар - мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіруге аударылып отыр. Іске асырылып жатқан кешенді шаралар тиімсіз шығындарды болдырмауға және мемлекеттік қаржының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге жол ашады. Біздің міндетіміз – бюджет қаражатының әр тиынын тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету. Сол үшін аудитті тек тексеру емес, алдын алу деңгейінде жүргізуіміз керек.
Комитет тарапымен қолға алынған мұндай бастама мемлекеттік аудитті барынша ашық етіп, ел экономикасының тұрақты дамуына оң әсерін тигізеді.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ