Облыста жыл басынан бері Instagram әлеуметтік желісінде заңсыз лотерея ұйымдастырған 12 парақша анықталды. Олар Әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жауапқа тартылып, жалпы сомасы 5 миллион теңге айыппұл төледі. Осы және өзге де атқарылған істер туралы облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Лудомания – тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның өзекті мәселесі. Заңдағы қатаң тыйымдарға қарамастан, көлеңкелі құмар ойындар нарығы, әсіресе интернетте, қарқын алып келеді. Онлайн-казиноға тіпті кәмелетке толмағандардың да кіруі оңай. Сондықтан, мамандар заңсыз ойын бизнесімен күресті күшейтіп отыр.

Қуат Рахымбаев, ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2-ші жедел басқармасы бастығының м.а:

«Заң мен тәртіп» аясында департамент заңсыз ойын бизнесін тоқтату және лудоманияның алдын алу бойынша тұрақты түрде алдын алу жұмыстарын жүргізуде. 2024 жылғы 8 шілдеде Мемлекет басшысы құмар ойындар мен бәс тігулерге қатысуға тыйым салынған адамдар тізімін кеңейту туралы Заңға қол қойды. Аталған Заңда мемлекеттік қызметшілермен және оларға теңестірілген тұлғалардың құмар ойындарына қатыстылығы анықталған жағдайда, жұмыстан теріс себептер бойынша босату көзделген.

Цифрлық технологиялардың дамуы заңсыз онлайн-казино мен букмекерлік кеңселердің көбеюіне жол ашты. Әлеуметтік желілерде олардың жарнамасы еркін таралады. Департамент мамандары интернет-контентті тұрақты бақылап, заңсыз сайттарды “Кибернадзор” жүйесі арқылы бұғаттауға жібереді.

Қуат Рахымбаев, ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 2-ші жедел басқармасы бастығының м.а:

Биыл маусым айында 2,3 млн және 303 мың жазылушысы бар блогерлер өз парақшаларында онлайн-казиноға сілтемелер мен промокодтары бар стористер жариялаған. Материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органға жолданды. Бұдан бөлек, күмәнді сайттарды бұғаттау бойынша 637 сұрау жолданып, олардың ішінен 591 сілтеме бұғатталды. Заңсыз құмар ойындарын тарататын 21 интернет-ресурс анықталды. Жедел сатып алу шаралары жүргізіліп, ақша алушылар анықталып, материалдар қаржылық барлау бөлімшесіне жолданды.

Департамент заңсыз ойын бизнесін тоқтату және қоғамдағы лудомания деңгейін төмендетуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады. Ірі кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, QR-коды бар парақшалар таратады. Бұл іске еріктілер мен жергілікті атқарушы органдар да атсалысып жатыр.


Қымбат Иманғалиева