Аймақта ел қауіпсіздігін нығайтуға арналған «Қалқан-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аяқталды. Бұл шараның негізгі мақсаты – төтенше жағдайлардың алдын алу, техногендік апаттар кезінде күш құрылымдарының бірлескен іс-қимылын пысықтау.

Елімізде алғаш рет арнайы полигонда радиация аймағында зардап шеккендерге санитарлық өңдеу пункті ашылды. Бұл – қазақстандық құтқарушылар үшін жаңа тәжірибе, әлемдік стандартқа сәйкес қадам. Мұнда адамдар мен техниканы газсыздандыру, дезинфекциялау, тазалау жұмыстарын өткізу шаралары көрсетілді. Қауіпті аймаққа кірген әрбір сарбаз бен құтқарушыға мұндай дайындық – өмірді сақтап қалудың басты кепілі. Радиациялық қорғау – тек қорғаныш киімін кию ғана емес, ол адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, олардың өмірін ұзартатын асыл міндет.

Саят Сейтмаш, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің халықты және аумақтарды қорғау басқармасының аға офицері:

13-15 тамыз аралығында, ағымдағы жылғы Шығыс Қазақстан облысында «Қалқан-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізіліп жатыр. Барлық радиациялық және химиялық төтенше жағдайларды алдын алу және жою бойынша озық тәжірибелер мен технологиялар көрсетілді. Және де барлық жаттығуларды сәтті өтті деп санаймын.

Жаттығуға қатысушылар үшін бұл – тәжірибе мектебі. Мұнда олар жаңа үлгідегі қорғаныш құралдарын сынап, химиялық және радиациялық апаттардың түрлі жағдайларына жауап беруді үйренді. Автоқұйғыш станцияларды қолдану, жерді санитарлық өңдеу әдістері, биологиялық барлау машиналарының жұмыс тәртібі – барлығы да нақты тәжірибеде көрсетілді. Әрбір қимыл, әрбір жаттығу – қауіпсіздіктің қалқанына жасалған бір қадам.

Қайрат Қасым, ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті басқармасының бастығы:

«Қалқан-2025» оқу-жаттығулары радиациялық апаттарға ден қою жөніндегі ұлттық жоспар аясында алғаш рет өткізіліп отыр. Бұл – еліміз бен көрші мемлекеттерде атом электр станциялары салынатынын ескеріп қабылданған шешім. Қауіпсіздік тәуекелден озық жүруі тиіс. Сондықтан мемлекеттік органдар мен Қарулы күштердің өзара іс-қимылын күшейтуге басымдық берудеміз. Ахмирово полигонында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ТЖМ және Шекара қызметінің бөлімшелері бірлесіп жаттығуда.

«Қалқан-2025» оқу-жаттығуының ауқымы кең. Оған орталық және жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау қызметтері, түрлі мекемелер қатысуда. Барлығының мақсаты ортақ – елдің бейбіт өмірін қорғау, төтенше жағдайға дайын болу. Бұл жаттығу – қауіпсіздіктің мызғымас қамалы, халық үшін сенімнің белгісі.


Талант Тұрсынов