Шығыс Қазақстан шет елге экспорт тасымалы бойынша көш бастап тұр, - осылай деген «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ өкілдері өңір кәсіпкерлеріне экспорттаушыларды қолдаудың заманауи тетіктеріне арналған семинар өткізді. Шара облыс әкімдігі және Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылды. Жиынға аймақтағы ауылшаруашылығы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі саласындағы бизнес өкілдері жиналды. Семинарға қатысқан кәсіпкерлер экспорттық нарыққа шығудың жаңа бағыттарын зерделеп, агенттік ұсынатын қолдау құралдарымен танысты.
Кездесу барысында агенттіктің өңірлік менеджері Алтынгүл Төлегенова кәсіпкерлерге қолданыстағы мүмкіндіктерін еске салды. Сондай-ақ, жақында іске қосылған кепілдік беру құралдарының басым тұстарын атап өтті. Бұдан бөлек, қатысушыларға цифрлық инновациялардың тың мүмкіндіктерін таныстырды. Өтінім беруден бастап шарт жасауға дейінгі, құжаттаманы электрондық түрде рәсімдеудің толық циклін жүргізуге мүмкіндік беретін «Экспорттаушының жеке кабинеті» жаңа платформасы туралы түсіндірді. Бұл жүйе өзара әрекеттесу процестерін жеңілдетіп, кәсіпкерлердің уақытын үнемдейді.
Алтынгүл Төлегенова, «Қазақстанның экспорттық–кредиттік агенттігі» АҚ өңірлік менеджері:
Шығыс Қазақстан облысы Республиканың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуында айырықшы маңызға ие өңірлерінің бірі. Біздің платформамыздың тиімді жұмысы мен кең ауқымды қаржылық шешімдердің арқасында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс сақтандыру өтемінің көлемі және экспорттық-кредиттік агенттік ұсынған кепілдіктер бойынша Қазақстанның ең ірі өңірлерінің үштігіне енді. Халықаралық нарыққа шығуды көздеген кез келген кәсіпорын ЭКА қызметіне жүгіне алады. Біз қолдау құралдарын бизнес қажеттілігіне сай қылып, одан әрі кеңейтуді жалғастыра береміз. Осындай іс-шаралар клиенттердің сұранысын тереңірек түсініп, экспорт процесінде пайда болатын қиындықтарға дер кезінде жауап беруге жол ашады.
Талқылауда көтерілген басты тақырыптардың бірі жылдық 12,6%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша кредиттеудің тартымды шарттарын ұсынатын экспорт алаңындағы қаржыландыру құралы болды. Мұндай механизм коммерциялық банктер арқылы да, Қазақстанның Даму Банкі арқылы да қолжетімді. Сала өкілдерінің айтуынша, бұл шикізатты сатып алу және өнімнің экспорттық партияларын дайындау үшін айналым қаражатын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ең сұранысқа ие қаржылық өнім. Былтыр агенттіктің қолдауының арқасында өңірде жалпы сомасы 62 млрд теңгеден асатын жобалар іске асқан. Қазіргі таңда 10-нан астам экспортқа бағдарланған компания табысты жұмыс істеп жатыр.
Мұхтар Жәмішжанов, «Қазақстанның экспорттық- кредиттік агенттігі» АҚ PR қызметі басшысының орынбасары:
Бүгінгі таңда агенттіктің арсеналында 20-дан аса қолдау құралы бар. ШҚО 2025 жылдың І жартыжылдығы бойынша өңір 30 млрд теңгеге қолдау тапты. Агенттік портфельінде басым бағыттар бұл – ауыл шаруашылығы, дайын өнеркәсіп, металлургия, машина жасау ісі. Қазақстаннан шыққан экспортталған өнімдерді салыстырмалы түрде көп сатып алушы Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай, Еуропа елдері және т.б.
Экспортты алдын ала қаржыландыру кәсіпорындарға шикізат сатып алуға, өндірістік процесін жүргізуге және дайын өнімді сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік береді. Мұндай қолдауды шағын және орта бизнес өкілдері де тең дәрежеде қолдана алады. Тек тауары экспорттық нарықтық талаптарына сәйкес келсе болғаны. Шараға қатысушылар үздіксіз қаржы тартудың өндірістік қызмет үшін аса маңызды екенін алға тартты.
Қымбат Иманғалиева