Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында есеп берді. Сұхбат барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік қызметтер сапасы, инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық бастамалар кеңінен сөз болды.

Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2024 жылы 9 жоба мақұлданса, биыл олардың саны қырық беске жеткен. Оның ішінде он тоғыз жоба мақұлданып, 219,8 млн теңге қаржы бөлінді. Дегенмен, аудандық ауруханада маман саны тапшы. Аудан әкімінің айтуынша, бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады. Жүзеге асырылып жатқан бағыттардың басым бөлігі – туризм мен ауыл шаруашылығы. Жаңа жұмыс орындары да құрылуда. Аталған жобалар арқылы аудан бойынша 33 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

ДАНИЯР ДҮЙСЕМБАЕВ, КАТОНҚАРАҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Өнеркәсіп өндірісі бойынша аудан бойынша 2025 жылдың қаңтар, мамыр айларында 419 млн. Былтырмен салыстырғанда 115 пайызға артып отыр. 2024 жылдың осы айларында бұл көрсеткіш 361 млн тг болған еді. Ауылшаруашылығы биыл 3 млрд 971 млн. Былтырғы жылмен салыстырғанда 115 пайызға артып отыр.

Катонқарағай – туризм мен ауыл шаруашылығына қолайлы өңір. Жиын барысында кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырып, жергілікті тауар түрлерін ұсынды. Әсіресе, кәсіпорынның марал пантасынан, Алтай шөптерінен дайындалатын емдік және биологиялық белсенді өнімдері сұранысқа ие.

РАУШАН САҒАТБЕКОВА, «АҚСУ-ДАЭН» ЖШС БК ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Сіздерге Ақсу ауылында өндірілетін «Ақсу-Даэн» компаниясының өнімдерін таныстырғым келеді. Бұл өнімдер — маралдың пантысынан және Алтайдың құнарлы шөптерінен дайындалады. Сұйық панта-гематоген — қан аздық пен дәрумен жетіспеушілігі кезінде қолданылады, жұқпалы суық тию ауруларына қарсы иммунитетті күшейтеді, қартаю процесін баяулатады. Эррегин —несеп-жыныс жүйесін тазартады, простатитті емдейді. Ал, «Шипа» — Алтай шөптерінен жасалған қабынуға қарсы дәрі, ол көптеген дертке ем.

Әуежай құрылысы – стратегиялық бастама. Болашақ әуежайдың орнын жуырда көлік министрі Марат Қарабаев өзі барып көріп, құрылыс жұмыстарының басталғанын мәлімдеген еді. Бұл жоба – аудан туризмін дамытуға жол ашады.

ДАНИЯР ДҮЙСЕМБАЕВ, КАТОНҚАРАҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Бүгінгі таңдағы әуежайымыз Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларында ішкі рейстерде. Алтай мен Қанас ҚХР, Баян-Өлгей Монғолия халықаралық маршруттарын қамтамасыз етеді деп жоспарлап отырмыз. Облыс әкімімен бірге ҚХР-на барып, Қанастың туризм бағыты бойынша қандай жұмыстар атқарады, сонымен танысып, Катонқарағаймен бітімгерлікке келісіп, меморандумға қол қойдық. Сондықтан, бұл жұмыстарды жалғастыратын боламыз. 

Катонқарағай — табиғаты көркем, әлеуеті зор өңір. Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалардың арқасында аудан күн сайын дамып келеді.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ