Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ШҚО Кәсіпкерлер палатасы Білім басқармасымен бірлесіп пайдалы дөңгелек үстел өткізді. Жиынның тақырыбы облыста дуальды оқытуды дамыту турасында. Кеңеске білім саласының мамандары, кәсіпкерлер, колледж директорлары мен кәсіпорын басшылары және әлеуметтік серіктестік мүшелері қатысып дуальды оқыту жайында өз ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дуальды оқыту жүйесін дамыту, оның тиімділігін бағалау, сондай-ақ жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту есебінен кәсіби кадрларды даярлау сапасын арттыруда жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дуальды білім беру бүгінде теория мен практиканы ұштастыратын білікті кадрларды даярлаудың ең тиімді әрі ең сенімді тәсілдерінің бірі саналады.

ҚАЙРАТ МАМЫРБАЕВ, ШҚО КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОР:

Біз жекеменшік және мемлекеттік колледждермен де ынтымақтастықтамыз. Кадрлар даярлау ісінде оқыту орталықтары, ірі, орта және шағын кәсіпорындармен де сенімді серіктестік орнатқанбыз. Бүгін осы шарада соңғы жылдардағы жұмыс нәтижелерімізді көрсеткіміз келеді. Сондай-ақ шағын есеп беріп, колледждермен және кәсіпорындармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою ниеттеміз.

Шара аясында қатысушылар бір-бірімен дуальды оқытуды енгізу тәжірибесімен алмасты. Жүйенің қазіргі жай-күйі мен оның перспективаларын талқылады. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу және жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша Өскемен ЖЭО мен Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

НАТАЛЬЯ СЛАБОДЧИКОВА, «ӨСКЕМЕН ЖЭО» ЖШС КОРПОРАТИВТІК ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бізге әрдайым білікті, өз ісін білетін мамандар қажет. Сондықтан, осы кезекті келісім Өскемен ЖЭО мен Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжі үшін де тиімді. Әбетте, дуальды оқыту негізгі мақсат болып отыр.

ЕРНАР ІРГЕБАЕВ, ШЫҒЫС ТЕХНИКАЛЫҚ-ГУМАНИТАРЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Меморандумға қол қою шеңберінде оқытушылардың біліктілігін арттыру, жастарды жұмысқа орналастыру және өндірістік практикадан өтуге дайындық саласындағы ынтымақтастық кеңейе түседі. Жалпы, кәсіпорынның практикадан өту, біліктілікті арттыру бойынша тұрақты тәжірибесі болғандықтан, бұл меморандум аса пайдалы болады.

Мұндай шаралар білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Кадрларды даярлау сапасына және дуальды оқыту жүйесін дамытуға оң септігін тигізеді.


Данияр Қайратұлы