Глубокое ауданының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму көрсеткіші жақсы. Мұнда туристік кластерді қалыптастыру ісі айрықша қолға алынған. Бүгінгі таңда ауданда 19 туристік нысан жұмыс істейді. Бұл туралы Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тұмашинов брифинг барысында мәлімдеді.
Глубокое ауданында әлеуметтік инфрақұрылым белсенді дамып келеді. 1 қыркүйектен бастап бірден екі заманауи мектептің ашылуы жоспарлануда, онда оқушылар үшін қолайлы жағдай қамтамасыз етіледі. Ал Белоусовка кентінде 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да қолға алынған. Оған қоса жылу желілерін қайта құру және су құбырларын салу бойынша жобалар іске асырылуда. Барлық жұмыс кешенді және халықтың қажеттіліктерін ескере отырып жүргізіледі.
ЭЛЬДАР ТҰМАШИНОВ, ГЛУБОКОЕ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Осы жыл шынымен маңызды оқиғаларға толы жыл. Биыл 4 ірі инфрақұрылымдық жоба аяқталады. Оның ең біріншісі, Глубокое кентінде жылу жүйелері құрылысын аяқтау жұмысы. Атап айтқанда 10 және 2 шақырымдық жылу желілері. Жұмыстың ең көп бөлігі өткен жылы аяқталды. Соның арқасында қыс тұрғындар үшін жайлы, жылы болды. Сонымен қатар, 3 су құбыры да бар. Бұл жоба халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Аталған жұмыс Степное кенті, Малоульбинка және Бобровка ауылдарында жүзеге асты.
Ауданда туристік саланы дамыту жалғасуда. Таулы Үлбі ауылында атпен серуендеуге болатын демалыс нысаны абаттандырылуда. Жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша іске асырылуда. Туристерді тартуға және белсенді демалысты дамытуға бағытталған. Жол бойындағы сервисті дамыту да басым бағыт саналады. Предгорное ауылында «Өскемен-Шемонаиха» тас жолының бойында кафе мен техникалық қызмет көрсету станциясы болатын жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде. Заманауи туристік нысандарға ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, «The Forest» демалыс аумағында SPA-орталық, қонақ үйлер, жабық бассейн және фаст-фуд орындары салынуда.
ЭЛЬДАР ТҰМАШИНОВ, ГЛУБОКОЕ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Біз тау шаңғысы кластерін дамытатын боламыз. Қазіргі негізгі демалыс нысаны ол, әлбетте Алтай Альпісі демалыс орыны. Алайда, нысанның аспалы жолынан жоғары қарай тағы да 4 шақырымға Зе Форест демалыс аймағына дейін созуға мүмкіндік бар. Сонда демалушылар шаңғы теуіп сергіп, жайлы, ыңғайлы орында қона да алады. Келешек жоспарлар жайлы айтсам, бұл барлық жоба емес. Әлі де жоспарлар көп. Өскемен-Таулы Үлбі бағытында тағы бір туристік нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Глубокое ауданы әлеуметтік саладан бастап туристік салаға дейінгі барлық негізгі бағыттар бойынша қарқынды дамып келеді. Кешенді тәсіл мен нақты стратегия жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, аудан үшін сан салада өркендеуге мүмкіндік береді.
Данияр Қайратұлы