Облыс орталығында велоспорттан өткен ұлттық чемпионаттың жүлдегерлері мен паравелоспорттан үздік командалар салтанатты түрде марапатталды. Айта кетейік, бұл дода 22–29 маусым аралығында ұйымдыстырылды . Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген спортшылар қатысып, өз шеберліктерін паш етті.
Биылғы жарыс маусымы жарқын әрі есте қаларлық сәттермен аяқталды. Ел намысын қорғаған үздік спортшылар велоспорттың дамуына қосқан үлесі үшін лайықты марапаттарға ие болды. Жүлдеден бөлек, қатысушылар шабыт пен жаңа серпін алып қайтты. Бұл жолы жеңіс үшін 17 команда өзара бақ сынасты. Паравелоспорт бойынша бірінші орынды Алматы қаласының командасы иеленсе, екінші орын Астанаға, үшінші орын Солтүстік Қазақстан облысына бұйырды. Жарыс тартысты өтіп, жанкүйерлерге ұмытылмас әсер қалдырды.
РАЙЫМБЕК БАТАЛОВ, ҚР ВЕЛОСПОРТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл, әрине, велоспорт үшін үлкен оқиға. Меніңше, бұл өте маңызды шаралардың бірі. Ал бүгінгі топтық жарыс бұл трассаның қаншалықты қызықты әрі күрделі екенін көрсетті. Бізде халықаралық комиссар Мартин қатысты, ол бірнеше «Тур де Франс» пен Олимпиада ойындарын өткізген. Ол Шығыс Қазақстанға, мұндағы мүмкіндіктерге және ұйымдастыру деңгейіне шын мәнінде таңғалды. Әрине, шаһар тұрғындарынан аздаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрағым келеді. Бірақ менің ойымша, бұл - туризмді басты бағыттарының бірі етіп отырған өңірлер үшін өте маңызды іс.
Халықаралық велоспорт ұйымының комиссары, төреші ретінде қатысқан Нидерланды өкілі Мартин Бруин қазақстандық спортшылардың дайындығын жоғары бағалады.
МАРТИН БРУИН, UCI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОМИССАРЫ:
Бұл жарысқа қатысу мен үшін үлкен қуаныш. Жақында ғана Тур де Франс додасында болдым. Қазақстандық велошабандоздардың әлеуеті жоғары екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Бүгінгі жарыс тамаша ұйымдастырылған. Трасса сапасы – өте жоғары деңгейде.
Шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, велоспорттың өңірде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Облыс әкімі бұл спорт түрінің бұқаралық сипат алып келе жатқанын ерекше атап өтті. Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасына іріктеу жүргізілді. Ең үздік спортшылар енді халықаралық додаларда ел намысын қорғайтын болады. Бұл өңір үшін ғана емес, ел спорты үшін де маңызды жетістік саналады.
БЕКАРЫС СЕКЕН