Өңірдің екі кәсіпорыны «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Облыстың бірқатар кәсіпкерлері биылғы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауында өз өнімдерін ұсынып, өзгелермен сынға түсті. Ережеге сай тауар өндірушілердің өнім сапасы, инновациялық технологияларды қолданысқа енгізуі және экспорттық әлеуеті назарға алынды.

Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы – елдегі кәсіпорындарға берілетін марапаттың бірі. Биыл аймақтан байқауға бес кәсіпорын өтінім тапсырған. Нәтижесінде «Азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Эмиль» компаниясы жеңімпаз атанды. Ал, «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымында «Силумин-Восток» ЖШС арнайы сыйлыққа лайық деп танылды. «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесінің жүлдегерлері де марапатталды. Соның ішінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша «ПКФ Профиль» ЖШС жеңімпаз атанды.

Қайнар Теміржанов, «ПКФ Профиль» ЖШС директорының орынбасары:

Біздің компаниямыз 2013 жылдан бері жұмыс жасап жатыр. Өндіріс бойынша біз тау – кен компанияларға арналған жабдықтарды жасап шығарамыз. Біздің компаниямыз зауыт ретінде саналады. Біздің компаниямызда 30 адам жұмыс істейді.

 «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында Өскемендегі «АЛЬЯНС-MEDICA», «Альприма» компаниялары мен Күршім ауданындағы «Эльмира Есманбек» ЖК өнімдері озық деп танылды.

Эльмира Томағанова, жеке кәсіпкер:

Ұлттық нақыштағы киімдерді тігумен өзім айналысамын. Бір жылдай болды 2025 жыл мен үшін өте олжалы болды. Осы марапаттау рәсіміне шақырғанға өте қуаныштымын. Бұл мен үшін маңызды сәт деуге болады.

Шара аясында «Адал Азамат» және «Ұлы Дала Елі» сыйлықтарының иегерлері де марапатталды. Олардың қатарында «Бұқтырма уылдырық өсіру шаруашылығы» ЖШС мен «IZOTERM» компаниясы бар. Аймақ басшысы жеңімпаз атанған кәсіпкерлерді құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

ШҚО кәсіпкерлері кәсіпорындары әлбетте «Алтын сапа» байқауында жоғары жақтан көрініп жүр және көріне береді де өйткені оған біздің мүмкіндіктеріміз өте зор. Білімділік бар, біліктілік бар. Еңбекқор халқымыз бар, бастысы тыныштық болса барлығы бізде бола береді, рахмет барлықтарыңызға.

Жеңімпаз атанған кәсіпкерлер төрт жыл бойы «Алтын сапа» белгісін өз өнімдерін жарнамалау барысында қолдана алады.

Гүлдана Айдарқызы