Облыс орталығында 600 орындық «келешек мектеп» салынып жатыр. Білім ошағында бүгінге дейін құрылыстың негізгі бөлігі аяқталған. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары мен құрал-жабдықтарын қою қалған. Мектептің құрылыс қарқынымен бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров танысты.
Шығыста «келешек мектеп» ұлттық жобасы бойынша бес білім ошағы толық жасақталып, ел игілігіне берілді. Қазір тағы екі мектеп салынып жатыр. Соның бірі - облыс орталығындағы Есенберлин даңғылында. Бүгін жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров дәл осы нысанды аралап құрылыс жұмыстарымен танысты. Мердігер мекеме жетекшілерінің пікірін тыңдады.
ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Жайлы мектеп бағдарламасы бойынша салынып жатқан мектептің құрылысын көрдік. Құрылыс жүріп жатыр. Бірақ, дегенмен де, осы құрылыстың жылдамдығына деген белгілі бір сұрақтар бар. Енді біз тамыз айында келіп, бұл объектіні тағы бір тексеріп кететін боламыз. Ең негізгісі, қазір мемлекет ақшаны уақытында бөліп жатыр. Сондықтан құрылыс сапалы және уақытында болуы керек.
Мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталып, ұстаздар мен оқушылар үшін барлық жағдай жасалмақ. Егер құрылыс осы қарқыннан бәсеңсімесе білім ошағы қыркүйектің бірінде пайдалануға берілмек.
ВЛАДИСЛАВ РАКУЛЬЦЕВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:
Қазір жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр. Бүгінде ғимараттың сыртын әрлеп, іргетас маңындағы бөлігі реттелуде. Бірінші қабаттың қабырғаларын бояу аяқталуға жақын. Осы аптада мектепке қажетті құрал-жабдықтар жеткізілмек. Сондықтан бәрін уақытында аяқтаймыз. Айтарлықтай қиындық болған жоқ. Қандай да бір мәселе шықса, дер кезінде шешіп отырмыз.
Білім ошағында 2 акт және спорт залдары орналасқан. 3 қабатты оқу орнында лифт арқылы көтерілу мүмкіндігі де қарастарылған.
ДИДАР ЕРБОЛАТҚЫЗЫ