Өткен жылы өңірдегі өндіріс орындарында 128 жазатайым оқиға тіркеліп, 143 адам зардап шекті. Ал өлім-жітім көрсеткіші 17,6 %-ға төмендеген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте салалық департамент басшысы Бақытбек Қизатов мәлімдеді.
Облыста 191 мыңнан астам жалдамалы жұмыскер бар. Соның ішінде зиянды еңбек жағдайында 26 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Аталған санаттағы жұмысшылардың жағдайын жақсарту үшін өткен жылы 28 млрд. теңгеден астам қаражы жұмсалған.
Бақытбек Қизатов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы:
Кәсіпорындарды былтырғы жылды алып қарасақ, 128 жазатайым оқиға болды. 143 адам зардап шегіп, 14-і өліммен аяқталған. 75-і ауыр, 54-і жеңіл. 2024-2025 жж салыстырған кезеңде жарақаттану деңгейі 13,2 пайызға өсті. Өліммен аяқталған17,6 пайызға азайды.
Өткен жылы азаматтар тарапынан түскен 1180-нен астам өтініш қаралды. Өтініштердің басым бөлігі еңбек қатынастарына, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау мәселелеріне қатысты. Арыз-шағым бойынша тексеру жүргізіліп, арнайы нұсқамалар беріліп, құқық бұзушылық анықталды. Бұдан бөлек, әкімшілік хаттама толтырылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 42 млн. теңгені құрады. Ал өндірістік жарақаттану өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12 жарым пайызға төмендеді.
Бақытбек Қизатов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы:
Осыған байланысты біз бірқатар шаралар ұйымдастырдық. Соның ішінде ең басты біздің бағытымыз өндірісте болған жарақаттардың жас ұрпақтардың жол бермеуі. Жол бермеу бағытында полиция департаментімен бірге медицина мекемелерімен бірге кәсіподақтармен бірлесіп жұмыс істейміз.
Зардап шеккендердің ең көбі тау-кен металлургия саласы және бюджеттік ұйымдарда. Ал үшінші орында құрылыс, ауыл шаруашылығы саласы тұр. Негізгі себептері зардап шегушінің өрекскел абайсыздығы, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу. Аталған бағытта тексеру жұмыстары жүргізіліп, 197 лауазымдық тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 9 қызметкер жұмыстан шеттетіліп, 123-не қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Аяулым Усинова