1 наурыз – Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні. Бұл күн азаматтардың төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруды көздейді. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі бөлімшелерде ашық есік күнін ұйымдастырып, құтқару қызметінің жұмысын көпшілікке таныстырды.
Ашық есік күні аясында азаматтық қорғаныс жүйесінің құрылымы, дабыл беру тәртібі және алғашқы көмек көрсету алгоритмдері таныстырылды. Қатысушылар арнайы оқу-жаттығу орындарында төтенше жағдай кезінде әрекет ету тәртібімен танысты.
Алмас Байжуминов, ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:
Іс-шараның бастапқы мақсаты ол өскелең ұрпаққа, балаларымызға қандай тәуекелдер бар екенін айта кету. Өзін-өзі төтенше жағдайлар кезінде, өз-өзін қалай ұсау керектігін, қандай іс әрекет жасау керек екенін түсіндіру мақсатымыз. Шара барысында жастарға 112 номері туралы ақпарат бердік. Қай уақытта және қандай жағдайда хабарласу керектігін де айта кетеміз.
Шараға мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Жастар құтқару техникасының мүмкіндігін көріп қана қоймай, мамандарға өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік – тек арнайы қызметтің емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Сондықтан мұндай түсіндіру шаралары жыл бойы жалғасады. Ал ашық есік күні – құтқару қызметінің қоғаммен байланысын нығайтып, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам.
Нұртас Қайролдаев