Аймақта қазақ тілін еркін меңгергісі келетін азаматтар үшін ерекше орталық қызмет атқарып тұр. Ол – үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатқан «Сөйле» тілдесу клубы. Үйірме «AMANAT» партиясының «Менің елім – Менің тілім» жобасы аясында ашылған.

Бұл жолы орталық мүшелері үшін сабақ ерекше форматта өтті. «Сөйле» үйірмесінің жоба авторы Яков Федоров Астанадан Өскеменге арнайы келіп, қатысушылармен бірге облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барды. Музей маманы Қазақстан мен шығыс өңірінің тарихы жайлы қызықты мәліметтермен бөлісті. Мұндай кездесулер қазақ тілін үйретіп ғана қоймай, ұлттық тарихи танымды да терең түсінуге жол ашады.

Яков Федоров, «Сөйле» тілдесу үйірмелерінің бренд-амбассадоры:

Бізде 12 елді-мекенде «Сөйле» клубтары жұмыс жасайды. Бұл қазақ тілін үйренгісі келетіндердің сүйікті ортасына айналды. Үйткені, өздеріңіз білетіндей біз тек сабақтар ғана емес, әртүрлі шараларды өткіземіз. Қатысушыларымыз музейлерге, театрларға барады. Өзім негізі Семейдікімін, бірақ мен мектепте оқығанымда 8 сыныпқа дейін қазақ тілді сабақтар болған жоқ. Содан кейін Қазақ Ұлттық Университетінің жатақханасында тұрдым. Сол кезде қазақ достарым өте көп болды. Сол достарым қатты көмектесті. Мысалы, жүзуге үйренетіндерді суға лақтырады ғой, сол менің достарым қазақ ортаға солай лақтырды.

Кездесуге «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ кеңесшісі Эльмира Нұрсейітова, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Екатерина Смирнова, қоғамдық пікір көшбасшысы Лев Вартанян және клуб тренері Анжелика Шабданбекова қатысты. Жылдан – жылға қазақ тіліне деген қызығушылықтары артып, үйірмеге келетіндердің саны көбейген.

Лунара Серікпаева, «Сөйле» тілдесу үйірмесінің қатысушысы:

Мен «Сөйле» клубына алтыншы ай барамын. Маған өте ұнайды. Біз сабақ өткіземіз. Музейге, театрға барамыз. Маған қазақ тілі жұмысқа керек.

Людмила Милина, «Сөйле» тілдесу үйірмесінің қатысушысы:

Мен бұл үйірмеге екінші жыл қатарынан қатысып келемін. Маған өте қатты ұнайды. Тілді жетік меңгермесем де, фундамент қалыптасып келе жатыр. Оқытушы, үйірме, мұндағы келушілер барлығы ұнайды. Қазақ тілін жақсы деңгейде меңгермейінше бұл үйірмеге қатыса беремін.

Ольга Сороколадова, «Сөйле» тілдесу үйірмесінің қатысушысы:

Біздің оқытушымыз Анжелика өте білікті маман. Қазақ тілін үйренуде сөздік қорым қалыптасып келеді. Барлығын үйірмеге келуге шақырамын.

Қызықты әрі еркін форматтағы сабақтар әр бейсенбі сайын Қайсенов көшесі, 121 мекенжайында, ал сенбі күндері А.С. Пушкин атындағы орталық кітапханада өтеді.


Фатима Тілейханқызы