Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Тарбағатай ауданына барды. Сапар барысында облыс әкімі жергілікті халықты толғандырып жүрген маңызды мәселелерге тоқталып, тұрғындармен кездесті. Әсіресе, көп жылдан бері толық бітпей келе жатқан Қалбатау – Майқапшағай халықаралық тас жолының құрылысымен танысты.
Аталған жолдың құрылысы 2018 жылы басталған. Бірақ әлі күнге дейін толық аяқталмаған. Жөнделмеген тұстары көп. Бұл тұрғындар мен көлік жүргізушілерге қолайсыздық тудырып отыр. Осыны ескерген облыс әкімі жол құрылысымен айналысып жатқан мекеме өкілдерінің есебін тыңдап, нақты тапсырмалар берді. Жолдың жалпы ұзындығы – 415 шақырым, оның 231 шақырымы Шығысқазақстан аумағы арқылы өтеді.
Алтай Сәркен, «ҚазАвтоЖол» ҰК ШҚОФ директорының орынбасары:
6 учаске Тарбағатай ауданына тиесілі. Сол бітпеген. Онда бәріңізге мәлім былтырғы су тасқындарының кеселінен жердің су сіңіріп алуы болды. Былтырлары толық қанды жұмыс істей алмадық. Биыл жұмысты бастағанда жердің дымқыл жердің шығуы бізге кедергі болды. Қазір оның материалдарын бәрін ауыстырып, жұмыстар жалғасып жатыр. Сентябрь айының аяғына шейін бітіру жоспарланып отыр.
Облыс әкімі жол құрылысының созылып кеткенін сынға алды.
НҰРЫМБЕТ САҚТАҒАНОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Уақыт көрсетер деп ертең кешікпей, қазірден бастап айтыңыздар. Керек болып жатса біз миинистрлікке шығайық. Басқа жағын айтайық, түсіндірейік. Осындай Қазавтожол жазда ұйықтап жатыр. Ертең жаңбыр жауып, қыс түседі сонымен қалып қояды. Егер қиыншылықтар болып жатса, техника қажет болса, адамдар қажет болса біз тауып берейік, көмектесейік.
Бұдан кейін, аймақ басшысы Ақжар ауылының халқымен кездесті. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, өңірдің алдағы жылдарға арналған жоспарларымен бөлісті. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында облыста өңірлік жобалау кеңсесі құрылып, барлық аудан мен қала бойынша бес жылдық даму жоспарлары бекітілген. Сонымен қатар, ауылдық округтер үшін жеке жол карталары әзірленген. Жалпы көлемі 2,8 трлн теңге болатын бұл жобалардың 2,3 трлн теңгесі жеке инвестиция есебінен, ал 522,4 млрд теңгесі бюджет қаражатынан қарастырылған.
НҰРЫМБЕТ САҚТАҒАНОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Біз әрбір аудан әкімімен 2025 жылға арналған КРI –ға қол жеткізу бойынша мемерондумаға қол қойдық. Олардың нақты жобалары мен ауданның даму жөніндегі іс – шараларды қамтиды. Жыл соңында қандай іс-шаралар аяғына дейін жетпеді,жоспарлар орындалмады соған сәйкес аудан қала әкімдеріне тиісті баға беріледі.
Тарбағатай ауданының 2029 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес 231,2 млрд теңге жеке инвестиция мен 20,3 млрд теңге бюджет қаржысы тартылмақ. Облыс әкімі ауданның агроөнеркәсіптік кешені мен өнеркәсіп бағытында жоғары әлеуеті бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, адами капиталды тиімді пайдалану да маңызды фактор ретінде қарастырылып отыр. Кездесуде елді – мекен тұрғындары облыс әкіміне толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды.
Мұсағали Есенбаев, аудан тұрғыны:
Нұрымбет Аманұлы біздің ауданға келіп мынау халықпен кездесу өткізіп жатыр. Өте қуаныштымыз. Ауданымыздың жеке бөлініп шыққанына үш жылдай уақыт болды. Ауданымызда 90 жылдардың ішінде құрылған гимназия лицей мектебі бар. Содан бері қарай күрделі жөндеу өткен жоқ. Келген ойым облыс басшысына осы жаңағы лицейді күрделі жөндеуден өткізуге қаражатқа көмектессе деген оймен келдім.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ақжар ауылындағы аудандық ауруханаға барып, медициналық мекемелердің жай-күйімен танысты. Ұжымға су жаңа жедел жәрдем көлігінің кілтін табыстады.
Елжан Манарбеков, Тарбағатай аудандық ауруханасының бас дәрігері:
Бұл аудан халқына қызмет етіп отырған үлкен аурухана деп айтуға болады. Оған қарасты 19 кіші ауылдардағы медпунктар бар, 7 дәрігерлік амбулатория қарайды. Барлығы дәрігерлер, медициналық қызметкерлермен қамтылған. Былтырғы жылы 450 млн –ға компьютерлік томография аппараты алынды. Өзіміздің реабилитациямыз бар.
Сондай – ақ аймақ басшысы аудандық мәдениет және спорт бөліміне де 31 орындық автобустың кілтін табыстады. Бұдан кейін, облыс әкімі Жетіарал ауылына ат басын бұрды. Шекара маңындағы аудандарда тұратын мүмкіндігі шектеулі жандарды, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту мақсатында аймақ басшысының тапсырмасы бойынша қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте Тарбағатай ауданында 90 орындық облыстық оңалту орталығы ашылады.
ГҮЛДАНА АЙДАРҚЫЗЫ