Мүмкіндігі шектеулі және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында республикалық VII Спартакиада өз мәресіне жетті. Додаға жүз сексеннен астам спортшы қатысты. Бұл – осы санаттағы жарыстар тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Бүгінде облыс халқының 42 пайызы спортпен тұрақты айналысады. Ал олардың ішінде төрт мыңнан астамы — ерекше қажеттіліктері бар жандар. Облыс басшылығы осындай азаматтардың спортқа араласуына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Өскеменде өткен спартакиада — соның жарқын мысалы.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Бұл жарыс – ерік-жігердің, рухтың және барлық адамдарға тең мүмкіндіктер беретін қоғамның бір көрінісі. Бұл спартакиада биыл елімізідің бес өңірінде өткізіліп жатыр. Оның ішінде Астана, Алматы қалалары және Шығыс Қазақстан облысында. 17 спорт түрі бойынша. Оның ішінде паравелоспорт, үстел тенисі бойынша облыста өтті. Осындай үлкен шара өткізілетін жер ретінде біздің облыс таңдалғанына қуанамыз. Облыста 42 пайыз тұрғындар спортпен шұғылданады. Бұл 312 мың адам. Оның 4 053-і ерекше қажеттіліктері бар спортшыларымыз.
Спортшылар бұл додаға тыңғылықты дайындықпен келген. Жүлделі орын алған спортшылар қуанышқа бөленіп, өз өңірлерінің абыройын арттырды.
Азамат Оразбек, жарысқа қатысушы (Жетісу облысы):
Бұл жарысқа қызу дайындықпен дайындалдық. Өйткені, паралимпиада біз үшін өте орны бөлек жарыстардың бірі болып есептеледі. Жетісу өңірінде алдын ала дайындықтар болды. Осындай дайындықтар, тренерлердің ақылының арқасында жетістіктерге жетіп отырмыз деген ниеттеміз.
Бағдат Қапенова, жаттықтырушы (Алматы облысы):
Жалпы, 10 спортшыдан келгенбіз. 10 спорттың ішінде 5 жүлделі орын алдық. Бір алтын, екі күміс, екі қола. Жалпы, енді спартакиадамыз жақсы өтті дейміз.
Мұндай ауқымды сайысты өткізу үшін қажетті инфрақұрылым да толық қамтамасыз етілген. Арнайы бейімделген спорт кешені, қолжетімді орта қатысушылар үшін жайлы жағдай жасауға бағытталған.
Нұрбол Зұлқарнаев, Интеллектуалдық дамуында ерекшеліктері бар адамдарға арналған “IDSPORT” федерациясының вице-президенті:
Соңғы үш жылда біздің Федерация халықаралық аккредитациядан өтті. Қазіргі таңда Федерация құрамында төрт спорт түрі бар: үстел теннисі, жүзу, жеңіл атлетика және велоспорт. Осы уақыт аралығында спортшыларымыз елеулі жетістіктерге жетіп, Қазақстан қоржынына бірнеше алтын медаль салды. Солардың ішінде ең жарқын жетістіктер: Парижде өткен жүзуден алынған алтын медаль, Австрияда велоспорт жарысындағы жеңіс, Алматыда өткен марафон мен жеңіл атлетика жарысы. Шығыста өткен жарысқа қолдау білдірген облыс әкіміне алғысымызды айтамыз.
Асқар Можанов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Өңірде өткен параспорт жарысына қатысқан рекордтық қатысушы саны тіркелді. 18 өңірден келген командалар жүлделі орындар үшін қызу бәсекеге түсті. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, әрі Туризм және спорт министрлігінің бізге білдірген сенімінің дәлелі. 180-нен астам қатысушы өз өнерлерін көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ел бойынша 20 өңір бар екенін ескерсек, бұл — еліміздің барлық дерлік аймағының белсенді қатысып жатқанын көрсетеді.
Бұл жарыс - тек спорттық дода ғана емес, тең мүмкіндіктерді қарастыру. Ерекше жандардың ерік-жігері мен жеңіске деген құштарлығы өзгелерге үлгі болары сөзсіз.
Фатима Тілейханқызы