Өскеменде студенттік жастар жағасы құрылды. Бұл жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Ауыл» партиясы іске асырған бастамалардың бірі. Жастар жасағының ресми ашылу шарасына әріптесім Нұртас Қайролдаев барып қайтты.
Студенттік жасақ колледждер мен жоғарғы оқу орындарының студенттерінен құралған. Игі бастама жастарды қазірден бастап еңбекке үйретіп, мамандық сырын терең меңгеруге баулиды. Жасақтар нақты бағыттар бойынша бірнеше салада жұмыс істейтін болады.
ЕРБОЛ КӨБЕНТАЙ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ШҚОФ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Осы Шығыс Қазақстанда біз 60 студентті жинап үш құрылыс отрядтарын құрдық. Шығыс қазақстанның ауа райы мен жағдайына байланысты еңбек жұмыстарын көрсету бойынша бір отрядымыз ауыл шаруашылық механизация жұмыстарын атқарады. Екіншісі экология жұмыстарын атқарады. Үшіншісі құрылыс жұмыстарын атқарады.
Биыл студенттік жастар жасағы облыс аумағындағы түрлі кәсіпорындар мен ауыл шаруашылық құрылымдарында еңбек етпек.
ДАНИЯР АБИТАЕВ, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «АУЫЛ ЖАСТАРЫ» ЖҚ ШҚОФ ЖЕТЕКШІСІ:
Өткен жылы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға 168 млн. теңге көлемінде гуманитарлық көмек көрсеттік. Студенттік жасақ мүшелері құрылыс жұмысына тартылды. Биыл аталған жасақты қайта құру туралы шешім қабылдадық. Жасақ мүшелеріне жалақы да тағайындалған. Оның көлемі 240-260 мың теңгені құрайды. Бұл жастар үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын.
Құрылыс жасақтарын қайта жандандыру бастамасы жастардың еңбекке деген ынтасын арттырып, нақты мамандық иесі болуға жол ашады. Игі іске облыстық жастар ресурстық орталығы да қолдау білдірді.
АЙДОС ӘДІЛБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл жұмыстың мәні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтар жылы деп атап өткенінің аясында жүзеге асып отыр. Яғни біздің негізгі мақсатымыз жұмысшы мамандықтардың мәні мен маңызын жастарға кеңінен дәріптеу, оларды еңбекке баулу болып табылады. Қазіргі таңда өңірімізде жасыл ел еңбек жасақтары өз жұмысын жүргізіп жатыр, құрылыс отряды мен механикаландырылған отрядтар жұмыс жасайтын болады. Бұл отрядтарды Өскемен қаласы мен Ұлан аудандарында шоғырландыру жоспарда бар.
Жұмысшы мамандықтар жылына үн қосқан жастар еңбек маусымын ұйымшылдықпен бастады.
НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ