Аймақта өрт қауіпті кезеңі басталғалы бері 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығы қауіпсіздік ержелерін сақтамаған. Сол себепті облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейтуде.
10 табиғи өрттің 9-ы адамның кінәсінен болады. Мұндай көңіл көншітпейтін деректерді төтенше жағдай департаментінің мамандары келтірді. Жергілікті атқарушы органдардан, орманшылар мен құқық қорғау қызметкерлерінен құралған мобильді топ 120-дан астам рейд ұйымдастырды. Басты мақсат - азаматтарды өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақыру.
«Тікелей күн сәулесі түсетін жерде қалған әйнектер де аса қауіпті. Себебі шыны астындағы құрғақ шөп бірнеше минутта жанып, бұл өрт бірден орманға таралуы мүмкін» дейді құтқарушылар. Желді күні қауіп арта түседі. Мұндай өртті ауыздықтау да қиынға соғады. Өйткені оның таралу жылдамдығы сағатына 50 шақырымға дейін баруы мүмкін.
Облыста өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 1 орман өрті тіркелді.