Шахматтан турнир өтті
Өскеменде ҚР спорт шебері Зинаида Ягунованың 80 жас мерейтойына арналған шахматтан ашық турнир өтті. Жарыстың мақсаты – өңірдегі шахмат қозғалысын дамыту және кеңінен насихаттау, спортшылардың шеберлігін арттыру, сондай-ақ әр буын өкілдері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.
Турнир ашық форматта өтті. Оған 18 жастан асқан азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар жандар қатысты. Жарыс «рапид» форматында швейцар жүйесі бойынша ұйымдастырылды. Әр партияға әр қатысушыға 10 минуттан уақыт берілді.
Алекс Кудинов, Қазақстан шахмат федерациясының ШҚО бойынша атқарушы директоры:
Бұл турнирге қазіргі таңда қырықтан астам қатысушы тіркеліп отыр. Олардың қатарында көру және есту қабілеті бұзылған жандар да бар. Жарыс ашық форматта өтуде. Яғни, мұнда ерекше қажеттіліктері бар азаматтармен қатар, 18 жастан асқан кез келген ниет білдіруші қатыса алады.
Шахмат әр жүрісті алдын ала есептеуге және күрделі комбинациялардан қорықпауға үйретеді. Зинаида Ягунова үшін бұл дағдылар өмірінің бір бөлігіне айналған. Бүгінде ол жинаған тәжірибесін шәкірттеріне үйретіп келеді.
Зинаида Ягунова, ҚР Спорт шебері:
Қандай да бір қиын жағдайға тап болғанда, үнемі «шахмат тақтасында бұл жағдайда қандай жүріс жасар едім?» деп ойлаймын. Бұл маған өмірде өте көп көмектесті. Қазір мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған клубта жұмыс істеймін. Республика чемпионын және жүлдегерін тәрбиелеп шығардым. Адамдарға шахматпен айналысқан ұнайды, олар сабаққа үлкен қызығушылықпен келеді.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының дипломдары мен медальдарымен марапатталды. Жарыс демеушілері бағалы сыйлықтарын табыстады.
Бекарыс Әмірбек