Негізгі Жаңалықтар Өңірдегі медицина нысандары жаңартылады

Өңірдегі медицина нысандары жаңартылады

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді. Шемонайхада тұрғындармен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингіне қатысып, аудандық медициналық мекемелердің жұмысымен танысты.

Тұрғындармен кездесуде медициналық көмектің қолжетімділігі, инфрақұрылымды дамыту, ауруханаларды заманауи құрал-жабдықтармен қамту және саладағы кадр тапшылығы мәселелері көтерілді. 2026 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында өлім-жітімнің негізгі себептерінің бірқатары бойынша төмендеу байқалады. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 3,1 пайызға, қатерлі ісіктерден 12,3 пайызға, жарақаттар мен уланудан болатын өлім 9 пайызға азайған. Ал нәресте өлімі 18,9 пайызға төмендеді. Ауыл медицинасын дамыту да негізгі бағыттардың бірі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елімізде қазірдің өзінде 655 нысан бой көтерді. Оның 36-сы – Шығыс Қазақстан облысында. Шемонайха ауданында жоба аясында Межовка ауылында медициналық пункт, ал Волчанка ауылында дәрігерлік амбулатория іске қосылды.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

Балалар арасындағы мүгедектікті төмендету мақсатында генетикалық ауруларды, бірінші кезекте жұлын-бұлшықет атрофиясын анықтауға бағытталған жаңа профилактикалық тексеру енгізілді. Нәтижесінде ұрықтың туа біткен даму ақауларын анықтау көрсеткіші 12 пайызға артты. Даун синдромымен дүниеге келетін балалардың саны 12 пайызға азайды. Ал туа біткен даму ақауларына байланысты мүгедектік 7 пайызға төмендеді.

Бірінші вице-министр тұрғындардың сауалдарына да жауап берді. Сұрақтар медициналық нысандардың жай-күйі, кадрмен қамту, заңнамаға енгізілетін өзгерістер және басқа да мәселелерге қатысты болды. Сонымен қатар азаматтарды жеке қабылдау өткізілді. 

Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингінде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңарту және саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. 2026 жылы облыстың 29 медицина маманы шетелдік және ресейлік клиникаларда біліктілігін арттырды. Өңірге резидентураның 25 мамандығы бойынша 48 грант бөлінді. 55 дәрігер әлеуметтік қолдауға ие болды. Оның 38-і ауылдық жерлерде еңбек етеді. Ал 14 медицина қызметкері баспанамен қамтылды.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

Екінші бағыт – заң аясында ауылдық жерлердегі аса тапшы мамандық иелеріне міндетті көтерме жәрдемақы қарастырылды. Оның көлемі – 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 8,5 миллион теңгеден асады. Соңғы екі жылда Қазақстан бойынша мыңнан астам маман осындай 8,5 миллион теңгелік көтерме жәрдемақы алды. Ал Шығыс Қазақстан облысында биылдың өзінде 37 маман бұл қолдауға ие болды.

Сапар барысында Тимур Сұлтанғазиев Шемонайха аудандық ауруханасының жұмысымен де танысты. Медициналық мекеме кезең-кезеңімен жаңа құрал-жабдықтармен жарақтандырылып келеді. Тек 2025 жылдың өзінде мұнда 44 дана медициналық құрал сатып алынған. Оның ішінде цифрлық стационарлық флюорограф, электрокардиографтар, пациенттерді бақылау мониторлары, операциялық үстелдер, хирургиялық аспираторлар және зертханалық жабдықтар бар. Бұдан бөлек, аудандық аурухананы реконструкциялау жобасы әзірленуде. Жоспар бойынша мұнда жаңа қабылдау бөлімі, триаж жүйесі және операциялық блок қарастырылады. Сондай-ақ инфекциялық бөлімге арналған жеке корпус пен дәрігерлік амбулатория салу көзделген.

Бұдан кейін бірінші вице-министр Волчанка ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Медициналық нысан биыл наурыз айында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған. Амбулатория ауысымына 25 адамды қабылдауға арналған. Мұнда 1200-ден астам тұрғынға медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Жалпы аумағы 440 шаршы метр болатын ғимаратта 23 кабинет жұмыс істейді.

Бақыт Таймасова, Шемонаиха аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Мамандар толық қамтылған. Бір дәрігер, бір фельдшер және үш мейіргер бар. Жабдықталуын өздеріңіз көрдіңіздер. Емдік дене шынықтыруға, ұсақ моториканы дамытуға және физиопроцедураларға арналған кабинеттер бар. Стандартқа сәйкес қажетті жабдықтың барлығы осы дәрігерлік амбулаторияда қарастырылған.

Айта кетейік, биыл өңірге резидентураның 25 мамандығы бойынша 48 грант бөлінді. Ал 2025 жылдан бастап сұранысқа ие алты бағыт бойынша интернатуралық даярлық қайта жанданды. Оның ішінде хирургия, терапия, акушерия және гинекология, жалпы дәрігерлік практика, педиатрия және балалар хирургиясы бар.

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу