Мүлік салығын төлеу мерзімі қазанның 1-де аяқталады
Мүлік салығын 1 қазанға дейін төлемесе, өсімпұл есептеледі. Бұл салық тұрғын үйі, пәтері, саяжайы, автотұрағы немесе жер телімі бар жеке тұлғалар төлеуі тиіс. Берешек мөлшерін e-Salyq Azamat қосымшасынан, «Электрондық үкімет» порталынан немесе кейбір банк қосымшаларынан білуге болады. Салықтың мөлшері мүліктің нарықтағы бағасына емес, мемлекет есептеген құнына қарай анықталады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жеке тұлғалардың 2025 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі биылғы 1 қазанда аяқталады. Уақытында төленбеген берешекке өсімпұл есептеледі. Сондай-ақ мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін. Олардың қатарында банк шоттарын бұғаттау, мүлікке тыйым салу, жалақыдан ұстап қалу және шетелге шығуды шектеу тәрізді тетіктер бар. Бұдан бөлек, жеке сот орындаушылары қарыз сомасының 25 пайызына дейін қосымша өндіре алады.
Шәріп Сейкенов, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының м.а.:
Биыл өңірде 316 мың 808 салық төлеушіге жалпы сомасы 325 миллион теңге көлемінде мүлік салығы есептелді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 65,4 миллион теңгеге немесе 25 пайызға артқан. Мүлік салығы бойынша берешекті бірнеше тәсілмен тексеруге болады. Ол үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайты, электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары және e-Salyq Azamat сервисі қолжетімді. Салық төлеушілер берешек туралы ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтынан, электронды үкімет порталынан, банк қосымшаларынан және e-Salyq Azamat жүйесі арқылы біле алады.
Брифинг барысында камералдық бақылау мәселелері де көтерілді. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, сәйкессіздік анықталған жағдайда салық төлеушіге арнайы хабарлама жолданады. Егер көрсетілген бұзушылықтармен келіссе, оларды белгіленген тәртіппен жоюы тиіс. Ал келіспеген жағдайда өз ұстанымын негіздейтін түсініктеме ұсынуға құқылы.
Шәріп Сейкенов, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының м.а.:
2026 жылдың басынан бері 2025 жылдың қорытындысы бойынша корпоративтік табыс салығына қатысты 1378, жеке табыс салығы мен әлеуметтік төлемдер бойынша 1244 және қосылған құн салығы бойынша 1601 хабарлама жолданды. Сондай-ақ жұмыс берушілер қызметкерлерге қатысты салықтық есептілікті дұрыс жүргізіп, тиісті аударымдардың уақытылы төленуін қамтамасыз етуі қажет.
Мамандар тұрғындарды мүлік салығын төлеуді кейінге қалдырмай, заңда белгіленген мерзімге дейін салық міндеттемелерін орындауға шақырады.
Нұртас Қайролдаев