Негізгі Жаңалықтар Өңірде биыл 8,5 мың гектарға жуық егістікке су берілді

Өңірде биыл 8,5 мың гектарға жуық егістікке су берілді

Өңірде биылғы вегетациялық кезең қорытындыланды. Маусым барысында аймақтағы 8,5 мың гектарға жуық егістік алқабы сумен қамтылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Қазсушар» РМК ШҚОФ директоры Дәулет Жанысов мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін филиалдың қарамағында су шаруашылығы нысандарының кең желісі бар. Оның құрамына су қоймалары, гидротораптар, су алу құрылыстары мен магистральдық каналдар кіреді. Суару жұмыстарын жүргізу үшін арнайы су пайдалануға тиісті рұқсаттар да рәсімделген.

Дәулет Жанысов, «Қазсушар» РМК ШҚОФ директоры:

Шығыс Қазақстан «Қазсушар» филиалының 3 су қоймасы бар. Олар жеті су торабы және 45 магистарльді каналы бар. Филиал бойынша барлығы 14 арнайы су пайдалануға рұқсат рәсімделген. Жалпы су алу лимиті 214,424 миллион текше метрді құрайды.Мал суымында филиал мал шарушылығы тауарларын өндірушілерге, тұрақты суаруға су беру шарттары жасасты. 

Суару маусымы кезеңінде филиалдың негізгі жұмысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін егістік алқаптарын тұрақты суаруға қажетті сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Су беру көлемі жасалған келісімшарттарға сәйкес айқындалады және әр өндірістік учаскедегі суармалы жер көлеміне байланысты белгіленеді.

Дәулет Жанысов, «Қазсушар» РМК ШҚОФ директоры:

Тұтастай алғанда 2026 жыл вегетация кезеңінде филиал өз қарамағындағы үш өндірістік учаскі бойынша суармалы судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етті. Жасалған 809 шарт бойынша көлемі 8473 гектар алқапқа 40 миллион 443 текше метр су жіберілді. 

Биылғы суару маусымының қорытындысы алдағы жұмыс жоспарын айқындауға және келесі жылғы суару кезеңіне дайындықты бастауға мүмкіндік береді. Мамандар су шаруашылығы нысандарының жағдайын бағалап, суару жүйелерін келесі маусымға дайындау жұмыстарын жалғастырмақ.

Бекарыс Әмірбек

Бөлісу