Негізгі Жаңалықтар Аймақта жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Аймақта жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Аймақта инвесторлармен жасалған келісімдер нақты жолға қойылған. Облыс әкімдігінде «Ново-Березовское» кен орнын игеру жобасына қатысты жаңа меморандумға қол қойылды. Құжатта өндірістен бөлек, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, жолдарды күтіп-ұстау, әлеуметтік нысандарды қолдау және ауылды дамытуға қаржы бөлу қарастырылған.

Глубокое ауданындағы «Ново-Березовское» кен орнында мыс-мырыш кендерін өндіру және өңдеу жоспарлануда. Жобаға «Dengbo Success Minerals Ltd.» компаниясы инвестиция салмақ. Бос жұмыс орындары болған жағдайда жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру көзделген. Жалпы, жоба аясында 500-ден астам жұмыс орны ашылмақ. Жаңа жұмыс орындарына Глубокое техникалық колледжінің түлектері де үміткер бола алады. Сонымен қатар 2027-2035 жылдары ауылдың әлеуметтік жобаларына 1,5 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланып отыр. Қаржы әлеуметтік осал тұрғындарды қолдауға және әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталмақ.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекеттік қолдауларды ұйымдастырады. Қажетті, тиісті мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың өзара дұрыс іс-қимылын жүйелендіреді. 

Инвестор көппәтерлі тұрғын үйлерді қалпына келтіріп, жаңғыртуға бағытталған арнайы бағдарлама әзірлеуді көздеп отыр. Бұдан бөлек, қозғалысы шектеулі тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып, арнайы көлікпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Өңір үшін инвестициялық жобаның маңызы тек жаңа өндіріс орнын ашумен шектелмейді. Негізгі міндет – оның нәтижесін жергілікті тұрғындар да сезінуі. Жаңа жұмыс орындары, инфрақұрылым, тұрғын үй және әлеуметтік жобалар – инвестор мен өңір арасындағы серіктестіктің нақты нәтижесіне айналмақ.

Аяулым Усинова


Бөлісу