Өшпес тарихқа тағзым
Өскеменде Ұлы Отан соғысы жылдарында 238-атқыштар дивизиясы құрамында соғысқан шығысқазақстандық жауынгерлердің тағдырына арналған кездесу өтті. Басқосуда тарихи жадты сақтау, архивтік деректерді зерттеу және іздестіру жұмыстарының маңызы сөз болды.
Іс-шараға тарихшылар, педагогтер, ардагерлер, жастар ұйымдарының өкілдері мен студенттер қатысты. Кездесудің басты мақсаты – майданда болған жерлестердің тағдырын зерттеп, олардың есімдерін кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Қанша Қалиева, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының аға оқытушысы:
238-ші гвардиялық дивизия біздің облыстың территориясына жасақталған. Оның дайындық лагері Риддер қаласында болды. Біз 20 ғасырда ең үлкен соғыс болғанын ұмытпауымыз керек. Өйткені бұл соғыста біздің аталарымыз қаза тапқан. Олардың ерліктері біздің есімізде мәңгі болуы тиіс.
Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің тағдырын зерттеп жүрген іздестірушілердің еңбегі – тарихи деректерді толықтыруға мүмкіндік береді. Тула қаласынан арнайы келген іздестіруші-волонтер Раиса Очнева да осы бағытта бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Раиса Очнева, Тула қаласының іздестіруші-волонтері:
2012 жылдан бері айналысып келемін. Осы жылдар ішінде әртүрлі бағытта жұмыс істедім. Соның бірі – «Солдат тағдыры» бағыты. Бұл – табылған жауынгердің жеке медальоны арқылы оның туыстарын іздеу, сондай-ақ туыстарының өтініші бойынша жауынгердің жерленген жерін анықтау және басқа да іздестіру жұмыстарын жүргізу. Маған Шығыс Қазақстаннан да осындай өтініштер өте жиі түсетін. Сонымен қатар өз өңірімізде де өткен іздестіру экспедицияларына қатыстым. Бұл жерде негізінен 238-атқыштар дивизиясы соғысқан. 2016 жылдан 2020 жылға дейін мұнда ауқымды «Естелік вахтасы» өтті. Сол жылдары жауынгерлердің медальондары табылды. Шығыс Қазақстаннан шыққан жауынгерлерге тиесілі шамамен онға жуық медальон анықталған еді. Нақты санын қазір жадымда айта алмаймын. 2018 жылы төрт медальон табылды. Олардың үшеуі Шығыс Қазақстаннан келген жауынгерлерге тиесілі болды.
Төртінші сыныптан бастап әскери-патриоттық клубқа қатысып жүрген жас іздестіруші бүгінде «Жарқын» іздестіру жасағының құрамында. Ол бірнеше іздестіру жұмысына қатысып, тарихты тереңірек танып, ата-бабалар ерлігін құрметтеуді үйренген.
Софья Суховольская, «Жарқын» іздестіру жасағының мүшесі:
Әрбір іздестіру жұмысының барысы құжаттарға байланысты әртүрлі болады. Көп жағдайда жауынгердің аты-жөні немесе тегі құжаттарда қате көрсетіледі. Соның салдарынан оған тиесілі дұрыс құжаттарды тауып, нақты деректерді анықтау өте қиын. Сондықтан әрбір іздестіру жұмысы бір-екі сағатта аяқтала салмайды. Кейде қажетті мәліметті анықтау үшін бес-алты сағатқа дейін уақыт жұмсалады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ғана жауынгердің кім болғанын, қай жерден шыққанын және оның туыстарын анықтауға мүмкіндік туады.
Іс-шара барысында іздестіру-волонтерлік қызметке арналған «Іздестіруші-волонтердің үстел кітабы» оқу-әдістемелік құралы таныстырылды. Басылым іздестіру жұмыстарын жүргізуге қажетті мәліметтерді жүйелеуге бағытталған. Кездесуде архивтік құжаттармен жұмыс істеу, жауынгерлер туралы мәліметтерді анықтау және іздестіру қозғалысын дамыту мәселелері талқыланды. Жастардың тарихи зерттеулерге қызығушылығын арттыруға да ерекше мән берілді. Тарихи жадты сақтау – өткенді білу ғана емес, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу. Кездесуге қатысушылар жауынгерлердің есімін ұлықтау мен олардың ерлігін зерттеу жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.
Аяулым Усинова