Туберкулезбен күрес мәселелері талқыланды
Өскеменде «Қазақстанда туберкулезді тоқтатайық» атты өңірлік акеңес өтті. Басқосуға медицина мамандары, қоғамдық ұйымдар мен осы бағытта жұмыс істейтін сарапшылар қатысты. Кездесуде аурудың алдын алу, емдеу және оның таралуын төмендетуге бағытталған шараларды жетілдіру мәселелері талқыланды.
Аймақта туберкулездің негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштері тұрақты түрде төмендеп келеді. 2025 жылғы статистикаға сәйкес, соңғы он жылда өңірде аурушаңдық 36 пайызға, таралу көрсеткіші 44 пайызға, өлім-жітім 65 пайызға төмендеген. Ал балалар арасындағы аурушаңдық 57 пайызға азайған. Дегенмен, қосалқы аурулардың болуы туберкулезді емдеуді қиындатады.
Райфа Сафиоллинова, Облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері:
Мұнда созылмалы жүрек жеткіліксіздігі де кездеседі – жағдайлардың 50 пайыздан астамында. Өкінішке қарай, алкоголизм сияқты мінез-құлық факторлары да бар – 27 пайыз. Сонымен қатар қосалқы аурулардың ішінде созылмалы қант диабеті 18 пайызды құрайды. Біз айтып өткендей, қант диабеті мен түрлі инфекциялар, өкінішке қарай, туберкулезден емделу көрсеткішіне де әсер етеді.
Облыстық фтизиопульмонология орталығының мәліметінше, туберкулезбен ауыратын науқастардың 43 пайыздан астамының тұрақты жұмысы немесе табыс көзі жоқ. 58,2 пайызында жеке баспанасы болмаса, 26,2 пайызы күнкөріс деңгейінен төмен табысқа өмір сүреді. Диагностика мен ем алуға құжаттың, баспананың және жұмыстың болмауы, дұрыс тамақтанбау, әлеуметтік оқшаулану және тәуелділік сияқты факторлар кедергі келтіреді. Осындай қиындықтарға тап болған науқастарға үкіметтік емес ұйымдар да қолдау көрсетіп, медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға атсалысады.
Елена Паплевка, «Қуат» ҮЕҰ үйлестірушісі:
«Біз ауырмаймыз ғой, мұны не үшін жасауымыз керек, неге алты ай бойы емделіп, дәрі қабылдауымыз керек?» деген пікірлер айтылады. Сондықтан бұл бағытта да жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Бұл – маңызды мәселе, маңызды көрсеткіш. Сол себепті нәтижелерді жақсартуға ұмтылуымыз керек. Біз бұл көрсеткіштермен енді ғана жұмыс істей бастадық. Қазіргі таңда бақылауымызда 72 адам бар. Олар амбулаториялық ем қабылдап, қажетті дәрі-дәрмектерін тұрақты түрде ішіп жүр.
Үкіметтік емес ұйымдар ем қабылдаудан бас тартқан немесе әлеуметтік жағдайына байланысты медициналық көмекке қол жеткізе алмай жүрген азаматтарға қолдау көрсетеді. Әлеуметтік қызметкерлер құжаттарын қалпына келтіруге, ем алуға және тиісті жәрдемақыларды рәсімдеуге көмектеседі. Ал туберкулезді емдеудегі маңызды бағыттардың бірі – ауруды ерте анықтау. Қазір бұл үшін молекулярлық-генетикалық әдіс қолданылады. Алдағы уақытта диагноз қою үдерісіне бірқатар елдерде қолданыла бастаған жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарланып отыр.
Шахимұрат Исмаилов, ҚР ҰФҒО жанындағы ЖҚ менеджері:
Эпидемиологиялық жағдай жаман емес. Негізінен ауру саны төмендеп, өлім көрсеткіштері де азайып отыр. Соған қарамастан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деңгейінде көтеріліп отырған бұл мәселе біз үшін әлі де өте маңызды деп есептейміз. Себебі соңғы он жыл ішінде Қазақстан бойынша өлім көрсеткіші 4,5 есеге азайған.
Тағы бір бағыт – емханаға баруы қиын азаматтарды тексеру үшін портативті рентген аппараттарын пайдалану. Мұндай құрылғы арқылы рентгенді қажетті жерде түсіріп, нәтижесін сол жерде жасанды интеллект көмегімен талдауға болады. Бұл тәсілді кеңінен енгізу үшін қосымша қаржы қажет. Сондай-ақ портативті жабдықтар сатып алынып, бағдарламалық жасақтаманы қолдануға арналған лицензиялар алынуы тиіс.
Бекарыс Энгельс