Негізгі Жаңалықтар Инженерлерді даярлаудың жаңа тәсілдері талқыланды

Инженерлерді даярлаудың жаңа тәсілдері талқыланды

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде заманауи инженерлік білім беруді дамытуға арналған халықаралық кездесу өтті.. Іс-шара Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Бұл басқосу Орталық Азияда алғаш рет өтіп отыр. Ал Шығыс Қазақстан техникалық университеті – елімізде CDIO (Эс Ди Ай Оу) дүниежүзілік бастамасының толыққанды қатысушысы мәртебесіне ие жалғыз жоғары оқу орны.

Халықаралық CDIO бастамасы 2000 жылы Массачусетс технологиялық институты мен бірқатар техникалық жоғары оқу орындарының инженерлік білім берудің жаңа тәсілдерін әзірлеу мақсатында бірігуінен бастау алған. Бұған өндіріс саласының мамандарға қоятын талабы себеп болды. Университет түлектері теориялық білімді жақсы меңгергенімен, нақты инженерлік міндеттерді шешу, командада жұмыс істеу және күрделі техникалық жүйелерді әзірлеу бойынша тәжірибесі жеткіліксіз болатын. Осы мәселені шешу үшін CDIO тәсілі қалыптасты. Оның атауы ағылшын тіліндегі «Conceive – Design – Implement – Operate», яғни «Тұжырымдау – Жобалау – Іске асыру – Пайдалану» ұғымдарын білдіреді.

Син Мо Че, «CDIO» дүниежүзілік бастамасының өңірлік жетекшісі:

Біз студенттерге білім беруді тиімдірек әрі қазіргі тез өзгеріп жатқан әлемнің талаптарына сай ету үшін білім беру бағдарламаларын жаңарту және жетілдіру бағытында бірлесіп жұмыс істегіміз келеді. Әсіресе жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде бұл аса маңызды. Сонымен қатар мақсаттарымыздың бірі – халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа қатысушыларды тарту және қалыптасқан байланыстарды нығайту. 

Жасанды интеллект, автоматтандыру, робототехника, интеллектуалды өндірістік жүйелер, цифрлық егіздер, жаңа материалдар мен деректерді талдау технологиялары инженерлік мамандықтардың мазмұнына елеулі өзгеріс енгізіп отыр.

Рири Фитри Сари, Индонезия университетінің профессоры:

Бүгінде инновациялық даму үшін жасанды интеллектіні жиі қолданып жүрміз. Сондықтан, менің ойымша, оны қолдану мен реттеудің ортақ тәсілдерін бірлесіп әзірлеу қажет. Әсіресе бұл білім беру саласы үшін маңызды. Студенттеріміздің, яғни болашақ көшбасшылар мен инженерлердің, инновацияға және білім алуға деген қабілеттерін одан әрі дамытуына жағдай жасауымыз керек. Сонымен қатар білім беру үдерісінде адам бақылауын сақтап, білім сапасына ерекше мән берген жөн.

Бүгінде көптеген елдердегі жұмыс берушілер атап көрсететін негізгі мәселелердің бірі – жоғары оқу орнындағы дайындық пен кәсіпорындардың нақты талаптары арасындағы алшақтық. Жас маманның теориялық білімі жеткілікті болғанымен, өндіріске келгенде заманауи жабдықтармен жұмыс істеу, технологиялық үдерістерді меңгеру, инженерлік жобаларды жүзеге асыру және пәнаралық міндеттерді шешу үшін қосымша дайындықтан өтуі қажет болуы мүмкін.

Жадыра Қоңырбаева, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры:

CDIO-бұл халықаралық үлкен инженердік дамудың, кадрларды дайындаудың стандарттарының жаңа үлгісі. Бұл жерде көптеген елдер CDIO-ге қатысады. Барлығымыз бірігіп инженерлік дайындықты дұрыс жасауды, жаңа стандарттар мен жаңа деңгейде қозғалуды пайдаланамыз.  

Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуы инженерлердің жаңа дағдыларды меңгеруін талап етеді. CDIO тәсілі теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, студенттердің нақты инженерлік жобаларды әзірлеуіне мүмкіндік береді. 

Бекарыс Энгельс

Бөлісу