Негізгі Жаңалықтар Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының квазимемлекеттік секторындағы комплаенс-офицерлердің форумы өтті. Жиында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, тәжірибе алмасу және комплаенс қызметтерінің жұмысына қойылатын жаңа талаптар талқыланды.

Форум комплаенс-офицерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстың өзекті мәселелерін талқылайтын алаңға айналды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, жемқорлықты жоюдың тиімді тәсілдерін ортаға салды. Сондай-ақ қызмет жұмысын реттейтін заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер қаралды.

Архат Бейсембаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің бас маманы:

Осы форумның өткізіліп отырған масштабында, бүкіл облыстық деңгейде өткізілгендіктен, өңір көлеміндегі квазимемлекеттік сектордың мекемелерінің комплаенс қызметінің өкілдері қатысып отыр. Бұл жерде негізгі мақсатымыз — биылғы жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада өзгерістер мен толықтырулар, қосымша инструменттер берілген. Сол тетіктерді түсіндіру, тәжірибелерімен бөлісу, бір-бірімен және ары қарай жұмысты қалай жетілдіріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін уақытылы деңгейде анықтау.

Комплаенс қызметі – квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды құралдарының бірі. Оның негізгі міндеті – ықтимал тәуекелдерді дер кезінде анықтап, заң бұзушылықтардың алдын алу. Сонымен қатар комплаенс мамандары ұйымдардың жұмысты ашық әрі жауапкершілікпен жүргізуіне ықпал етеді.

Ержан Айқымбеков, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің басшысы:

26 қыркүйек- Халықаралық комплаенс қызметкерлерінің күні, мерекесі деп айтауа болады. Енді осыған орай бүгін комплаенс қызметкерлерінің арасында үлкен форум өткізіп жатырмыз облыстық деңгейде. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы енгізілген заңнамалар, жаңалықтар туралы айтылады, одан кейін есептер тыңдалады. Қызметте қандай сұрақтар болса, бәрін бірлесіп шешуге тырысамыз.

Форум ашық кәсіби пікір алмасуға мүмкіндік берді. Комплаенс-офицерлер саладағы жаңа талаптарды талқылап, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Сонымен қатар күнделікті жұмыста қолданылатын тәжірибелік тәсілдерімен бөлісті.

Қайнар Жексембаев, С. Аманжолов атындағы ШҚУ сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметінің басшысы:

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтердің университет деңгейінде тәуелсіз әрі ұтымды жұмыс істеуі үшін барынша жағдай жасауда. Бұл қызмет Қазақстанда ең алғаш енгізіле бастағанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы институт университеттерде 2020 жылдан бері ашылып, өзінің қызметін тәуелсіз атқаруда. Біздің университет те бұл бағытта тиімді жұмыс жасауда.

Форум соңында қатысушылар тәжірибелік комплаенс қызметтерінің жұмысын одан әрі жетілдіру жолдарын талқылады. Жиын барысында алған білім мен тәжірибені күнделікті қызметте қолданып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін дер кезінде анықтау және олардың алдын алуға басымдық бермек.

Бекарыс Энгельс

Бөлісу