«World Vocational College Skills Competition - 2026» сайысының іріктеу кезеңі өтті
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде World Vocational College Skills Competition 2026 халықаралық байқауының іріктеу кезеңі өтті. Сайыс Лу Бань халықаралық шеберханасының базасында ұйымдастырылды. Байрақты бәсекеде өңірдегі алты оқу орнының командалары Қытай Халық Республикасында өтетін финалда Қазақстан намысын қорғау үшін сынға түсті.
Байқау заманауи автомобиль инженериясына арналды. Қатысушылар гибридті және электрлі көліктерді диагностикалау бойынша тапсырмаларды орындап, арнайы құрал-жабдықтармен жұмыс істеді. Сонымен қатар бүгінгі көлік индустриясында аса қажет кәсіби дағдыларын паш етті.
Мұрат Мұздыбаев, жарыс төрешісі:
Бұл сайыста қатысушылар автокөліктерді диагностикалау және техникалық қызмет көрсету бойынша практикалық тапсырмаларды орындайды. Әр команда өз шеберлігін көрсетіп қана қоймай, жұмысты қаншалықты үйлесімді атқара алатынын дәлелдеуі керек. Төрешілер қатысушылардың кәсіби біліміне, тапсырмаларды орындау сапасына және командалық бірлігіне ерекше мән береді. Ең маңыздысы – барлық операцияны талапқа сай әрі мүлтіксіз орындалу керек.
Әр команда төрт қатысушыдан және тәлімгерлерден құралған. Төрешілер тапсырмалардың орындалу дәлдігіне ғана емес, командалық үйлесім мен жұмыс барысындағы ұйымшылдыққа да басымдық берді. Себебі қазіргі автомобиль өндірісі мен сервистік қызмет саласында электронды басқару жүйелерін меңгерген, жаңа технологияларды еркін игерген мамандарға сұраныс жоғары.
Асия Машекенова, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры:
Лу Бань шеберханасының базасында өтіп жатқан World Skills кәсіби шеберлік чемпионаты биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы біздің команда Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен әлемдік додада қола жүлдені иеленген болатын. Бұл – университет ұжымы мен профессорлық-оқытушылар құрамының жүйелі еңбегінің нәтижесі. Биыл да іріктеу кезеңінде үздіктер анықталып, олар Қытай Халық Республикасында өтетін халықаралық жарыста өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алады.
Қатысушылар бірнеше апта бойы тыңғылықты дайындалған. Алда – Қытайда өтетін финалдық сын. Онда үздік командалар өздерінің кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде дәлелдеуге мүмкіндік алады.
Ілияс Исақанов, тәлімгер:
Соңғы екі апта бойы осы жарысқа қызу дайындық жүргіздік. Командалардың кәсіби деңгейін шыңдап, әр кезеңді пысықтадық. Сайыста барлық қатысушылар өз мүмкіндіктерін толық көрсетеді деп ойлаймын. Өз командамыздың да жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орыннан көрінетініне сенім мол.
Іріктеу қорытындысы бойынша World Vocational College Skills Competition 2026 халықаралық байқауында Қазақстан атынан Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері өнер көрсетеді. Машина жасау күні қарсаңында өткен жарыс болашақ инженерлер мен техник мамандардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, заманауи өндіріс талаптарына бейімделуіне жол ашады.
Нұртас Қайролдаев