Жылу маусымына дайындық
Өскемен жылу электр орталығында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл станцияның негізгі энергетикалық жабдықтарына жөндеу жүргізіліп, бірқатар өндірістік нысан жаңғыртылды. Сонымен қатар кәсіпорынға 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуге дайындық паспорты берілді.
Биылғы жөндеу бағдарламасына 9 қазандық және 8 турбоагрегат енгізілді. Соның ішінде №7 қазандық агрегатында күрделі жөндеу жүргізіліп, ауа жылытқыштары ауыстырылды. Ал №11 қазандықтағы бірінші сатылы су экономайзері жаңартылды. Қалған жөндеу жұмыстары да белгіленген мерзімге сай аяқталуда.
Тұрар Төлеубаев, «Өскемен ЖЭО» ЖШС бөлім басшысы:
Бағдарламаның негізгі мақсаты жабдықтардың тозуын азайтып, олардың сенімділігін арттыру. Бұл жылу қуатының тапшылығы жағдайында жылыту кезеңіндегі максималды жүктемелер кезінде аса мыңызды. Жөндеу жұмыстарының негізгі көлемі орындалды. Бөлінген қаражат станцияның сенімділігін арттыруға, негізгі жабдықтарды жөндеу және өндірістік инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған. 2026 жылы бағдарламада қазандықтар жөндеу жұмыстарына су мен электржабдықтарды және бас корпусты қайта жаңарту жобаларын қамтыды.
Станцияда энергетикалық жабдықтармен қатар, өндірістік инфрақұрылымды жаңартуға да басымдық берілген. Бірнеше жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жобалар аясында жерасты өнеркәсіптік су құбыры желілері жөнделіп, орташа қысымдағы қоректендіру суы құбырлары қайта жаңартылуда. Бас корпус ғимаратын реконструкциялау жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Александр Дёмин, «Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық директоры:
Өскемендік жылу электр орталығы жылыту маусымына толықтай дайын. Орталықтың 2026-2027жылғы жылыту маусымына дайындығы жайлы растайтын төлқұжаттар алынды. Барлығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Қазіргі кезде жөндеу жұмыстарының 96 пайызы аяқталды. Жабдықтар толықтай жұмыс істеп тұр. Жылыту маусымына дайынбыз.
Кәсіпорынның жаңғырту және құрылыс жұмыстарына биыл 15,9 миллиард теңге қарастырылған. Оның 6,7 миллиард теңгесі инвестициялық бағдарламаға тиесілі. Бұл қаржы станцияның өндірістік мүмкіндігін арттырып, жабдықтардың жұмыс сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бекарыс Әмірбек