Зайсан ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Өскеменде Зайсан ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Сауда сөрелеріне ауданның түрлі ауылдық округтерінен келген шаруалар мен кәсіпкерлердің өнімдері қойылды. Тұрғындарға ет, сүт өнімдері, құрт, тары және басқа да азық-түлік тауарлары қолжетімді бағамен ұсынылды. Жәрмеңке отандық өнімді қолдауға бағытталған «Дала дәмі» бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Таңмен таласа облыс тұрғындары жылдағы дәстүр бойынша демалыс күні жәрмеңкеге асықты. Бұл жолы сауда-саттық Қара Ертіс бойындағы Зайсан ауданының мәдени күндері аясында ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге ауданның әр ауылдық округінен шаруалар мен кәсіпкерлер келіп, жергілікті өнімдерін ұсынды. Өңірдің брендіне айналған Қарабұлақтың тәтті тарысы да осында.
Айдар Итжанов, Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі:
Дала дәмі көрмесіне өзіміздің ауыл шаруашылық өнімін алып келдік. 500 центнер тары өнімдерін алып келдік. Тары, талқан бидай өнімдерін алып келдік. Сонымен қоса округ бойынша 750 центнер ет өнімдерін алып келдік. Қазіргі уақытта, қол жетімді бағамен саудалудамыз.
Жәрмеңкеге Зайсан ауданына қарасты онға жуық ауылдық округтен шаруалар мен кәсіпкерлер келді. Бірнеше тонна табиғи өніммен қатар, жылқы, сиыр және қой еті де саудаға шығарылды. Тұтынушылар қысқы азық-түлігін қамдап қалуға мүмкіндік алды.
Қайрат Каримов, Зайсан ауданы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
Бүгін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізіп жатырмыз. Бұған тоғыз ауылдық округ әкімшіліктері өздерінің өнімдерін әкеліп саудалуда. Осы бүгін мына жәрмеңкеде төрт тоннадай сиыр еті, үш тонна көлемінде жылқының еті, жарты тонна қойдың еті қолданыстағы жаңағы тиімді бағамен саудалануда.
Сондай-ақ жәрмеңке қонақтары үшін спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Оның ішінде қол күрес сынды білекті батырлардың жарысы өтіп, қатысушылар өз ара кім мықтыны анықтады. Бұдан бөлек, облыс тұрғындарына ән мен жырдан шашу шашылып, концерттік бағдарлама қойылды.
Ермек Қорабаев, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:
Жәрмеңкеде концерттік бағдарламамыз бар. Соның ішінде спорттық іс-шара бар, сайыс өтеді. Яғни бүгін ет өнімдерін әкеліп, төмен бағалармен кісілерге сатып отырмыз.
Осылайша, жәрмеңке тұрғындарға сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынып қана қоймай, ұлттық дәстүр мен салтты дәріптейтін мазмұнды шараға ұласты.
Нұрдәулет Қалибеков