Тіл үйретудің тиімді тәсілдері
Облыс орталығында қазақ тілін оқытуға арналған «Тіл үйретудің тиімді әдістері: тәжірибе, ізденіс және жаңа мүмкіндіктер» атты семинар өтті. Басқосуда тіл мамандары тәжірибе алмасып, оқыту үдерісінде қолданылатын заманауи әдіс-тәсілдерді ортаға салды. Жиынға өңірдегі тіл оқыту орталықтарының мамандары мен жоғары оқу орнының студенттері қатысты.
Семинар барысында қазақ тілін оқытудағы өзекті мәселелер мен жаңа мүмкіндіктер талқыланды. Әсіресе цифрлық технологиялардың тіл үйрету үдерісіне ықпалына назар аударылды. Қатысушылар заманауи құралдарды тиімді пайдалану арқылы мемлекеттік тілді меңгертудің мүмкіндіктерін сөз етті.
Әскерхан Ақтай, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ШҚОФ төрағасы:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып отырғандай, жаңа технологиялар, жасанды интеллект дәуірінде қазақ тілін дамытудың өзекті мәселелері қазіргі таңда жан-жақты қолға алынып жатыр. Осының бастамасы ретінде біз де Халықаралық қазақ тілі қоғамы тарапынан көптеген жұмыстар атқарып келеміз. Қазіргі таңда ChatGPT-ден бастап, Wikipedia-дағы барлық мәліметтерді қазақ тіліне аудару сияқты Халықаралық қазақ тілі қоғамының басшылығы тарапынан нақты жұмыстар жасалып жатыр. Сондықтан заман алға жылжыған сайын, уақыт өткен сайын қоғам өміріне ақпараттық жаңа технологиялар енгізілген сайын тіл үйретудің де мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқаны өздеріңізге мәлім.
Басқосуда облыстағы тілдерді оқыту орталықтарының директорлары, оқытушылары мен әдіскерлері қатысты. Мамандар өзара тәжірибе бөлісіп, сабақ барысында қолданылатын бірегей әдіс-тісілдерге тоқталды.. Мұндай кездесулер әріптестер арасында кәсіби байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Есенғали Жақсылықов, семинарға қатысушы:
Бұл іс-шара барлық өңірлердегі, барлық аудандардағы тіл орталықтарында жұмыс істеп жүрген тіл мамандарын жинап, олардың бір-бірімен әдіс-тәсілдерімен, тәжірибелерімен алмасуына мүмкіндік береді. Жалпы, өңірлердегі барлық мұғалімдер бүгінгі семинар барысында өздеріне қажетті көптеген дүниелерді алады деп ойлаймыз.
Жиында көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету және ересектерге білім берудің ерекшеліктері де қарастырылды. Сондай-ақ оқытуда қолданылатын жаңа әдістемелік құралдар таныстырылып, ұтымды тұстары ұсынылды.
Ләззат Қайдарова, Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының оқытушысы:
Бүгін бізде орталықта «Қазақ тілін тиімді оқытудың әдістері: тәжірибе, ізденіс және жаңа мүмкіндіктер» атты облыстық семинар өтуде. Бұл семинардың негізгі мақсаты — жаз айында біздің орталықтағы әріптестеріміз Астана қаласында республикалық семинардан өткен болатын. Сол семинардан алған түйгенімізді, жаңа әдіс-тәсілдерімізді облыс бойынша жұмыс істейтін 8 орталықтың мұғалімдеріне жеткізу, өзімізбен бірге алып келген дүниелерімізбен бөлісу, таныстыру.
Айта кетейік, семинарға жоғарғы оқу орынының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің студенттері де қатысты. Болашақ мамандар үшін бұл – тәжірибелі оқытушылардың әдістемесімен танысып, кәсіби ортадағы пікір алмасуға қатысудың айрықша мүмкіндігі.
Бекарыс Энгельс